МТРА жаңалықтары

Жұмысшы кентіне бірнеше бағдаршам қойылды

 

Караванная мен Украинская көшелерінің қиылысы. Жұмысшы кентінде орналасқан бұл жерде көлік ағыны тығыз. Таңғы сағат 8-9-бен кешкі 6-7-лер шамасында ұзын-сонар кептеліс орын алады. Тиісінше, тұрғындардың жүріс-тұрысы да қиындай түседі. Жақында қозғалыс түбегейлі өзгерді. Көшеге орнатылған бағдаршамдар кеше іске қосылды.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Жұмысшы кентінің тұрғындары мен ПД тарапынан Караванная мен Украинскаяға бағдаршам орнату қажеттілігі жайлы хаттама келіп түсті. Өтініштер болды. Жүріп-тұру кезінде қиындықтар болған. Осыған байланысты Петропавл қаласының әкімдігі бюджеттен ақша бөліп, аумаққа бағдаршам орнатып отыр.

Көлік көп жүрген жерде көшені жаяу жүргіншілер жолағымен кесіп өтудің өзі кейде оңай емес. Енді бұл аралықтың қозғалысы бағдаршаммен реттелетіні тұрғындардың көңілінен шығып отыр.

БЛИЦ
–  Жүйткіп өтетін көлік кейде жаяу жүргіншіні соға жаздайтын. Жан-жағыңа қайта-қайта қарап, күдікпен өтетінбіз.
– Бағдаршам болмағанда мына жерден өте алмайтынбыз. Қазір бәрі жақсы.

Бұл бағдаршамдардың өзгелеріне қарағанда бір ерекшелігі бар. Жол қозғалысын реттейтін жабдықта тиісті режимде қызыл түсті қосу белгісі жанады.

ВИТАЛИЙ ЩАВИНСКИЙ, қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы
– Бұл белгі жанған кезде қозғалыс қатысушылары сол жаққа бұрылып кете алады. Ол рұқсат етілген. Бірақ, мұндай әрекет жасамас бұрын сақ болып, кедергілердің жоқтығына көз жеткізу қажет.

Жалпы, облыс орталығында барлығы – 100-ден астам бағдаршам бар.


Алдияр Айтпаев