МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданында биыл 5 мектеп күрделі жөндеуден өтті

Бұл – Тимирязев ауданына қарасты Докучаев орта мектебі. Іргетасы 82-ші жылы қаланған білім ошағында жөндеу жұмыстары соңғы рет 16 жыл бұрын жүргізіліпті.
Ол кезде нысанның шатыры ғана ауыстырылған. Бүгінге дейін едені мен терезелері
тозған. Сондықтан, биыл “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында 40 млн теңге қаржы қарастырылып, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде 155 терезе мен кіреберістегі 8 есік ауыстырылыпты. Сондай-ақ, бүкіл нысанның ішіне жаңа линолеум төселген.

Ерік Кенжебаев, Докучаев орта мектебінің директоры, Тимирязев ауданы
– Енді жылу желілері мен шатырды ауыстыру керек. “Атамекен-Агро” директорымен сөйлестім. Ол жобалық-сметалық құжатты істеп берем деді. Облыстан ақша бөлінсе жақсы болар еді.

Докучаев орта мектебінде барлығы – 135 бала оқиды. Шәкірттерге 24 ұстаз білім береді.
Жалпы, биыл Тимирязев ауданына қарасты 5 білім ұясы күрделі жөндеуден өткен. Шаруаға қаржы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында бөлінген.

Әсел Құдайбергенова, Тимирязев аудандық білім бөлімінің әдіскері,
– Осы Докучаев мектебінде, Жарқын негізгі мектебінде, Степное және Элеватор негізгі мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауқымды шаруаға 554 млн теңге бөлінді.

Ауданда келесі жылы тағы 4 білім ұясын қалыпқа келтіру жоспарланып отыр.

Дана Сәлімқызы