МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия отырысы

Өңірге жұмыс сапарымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов келді. Оның қатысуымен облыстық әкімдік қабырғасында ведомствоаралық комиссия отырысы ұйымдастырылды. Жиын шымылдығын ашқан аймақ басшысы алдымен аққайыңдар өлкесінің даму динамикасына қысқаша тоқталды. Қоластындағы қызметкердің бармақ басты, көз қыстылық фактісі үшін оның басшысы зардап шегетіні көпке аян. Мұндай жайт теріскейде тіркелуде. Сөз соңына таман Құмар Ақсақалов бір-екі оқиғаны мысалға келтірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 2020 жылы облыс әкімінің орынбасары Федяев пен Ақжар ауданының әкімі Мадияров отставкаға жіберілді. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың арқасында өңірде сыбайлас жемқорлық қылмысының төмендегенін байқаймыз. Мысалы, былтыр облыста 83 факті тіркелді. Ал үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде 38 жайт орын алды.

Қазір біркөзден сатып алу деген ұғым бар. Оны қарапайым халық түсінбегенімен, мемлекеттік қызметшілер бес саусақтай біледі. Өңірде бұл бағытта да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бір-бірімен тығыз әріптестік орнатып, үкімет қаржысын иемденгендердің саны азайып келеді. Пайыздық көрсеткішті Құмар Ақсақалов тілге тиек етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазір өңірде біркөзден сатып алу көрсеткіші 25 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша біз республикалық тізімнің алдында тұрмыз. Бізден жоғары тек – Алматы облысы. Ондағы деңгей – 24 пайыз.

Мемлекет қаржысы ойда-жоқта тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпес үшін салаға үнемі мән беру қажет. Бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховтың ұсынысы бар. Ел көлемінде тәуекел картасы әзірленіпті. Оған Солтүстік Қазақстан облысы да енгізілген.

ДМИТРИЙ МАЛАХОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
– Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы бірнеше бағыт бойынша әзірленді. Алғашқы сала – ауыл шаруашылығы. Мұнда субсидия мен несие бөлу кезінде заң бұзылуы мүмкін. Екінші сала – жол және инфрақұрылым. Бұл бағытта сапаға, сумен қамту мәселесіне және қаржыны жұмсауға аса мән беру қажет.

Ал, үшінші бағыт – экономика мен қаржы. Тұрақтандыру қорларындағы тауарлардың аздығына, азық-түлік бағасына мән беру қажет. Дмитрий Малахов бұл тұрғыда мониторинг жүргізе алатын қоғамдық кеңестердің рөлі зор екенін атап өтті және мәселені шешуде қолдау білдірулерін сұрады.


Байболат Култанов