МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлер палатасында мобильді жұмыспен қамту орталығы ашылды

 

Өз Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласына бірнеше рет тоқталды. Президенттің сөзінше, іскер жандарға лайықты жағдай жасалса, жаңа әрі тұрақты жұмыс орындары құрылады. Осы орайда тұрғындардың құлағына алтын сырға! Қаламыздағы Кәсіпкерлер палатасында мобильді жұмыспен қамту орталығы ашылды. Онда еңбекпен қамтушы да, екі қолға бір күрек іздеген адам да жүгіне алады.

СЕРІКЖАН ИСЕНОВ, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:
–  «Кадр қашанда қажет. Бірақ, көбіне жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші толық ақпаратқа ие бола бермейді. Осыған байланысты біз Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мобильді еңбекпен қамту орталығын құрдық. Орталық адамдарға көп пайда тигізеді деген сенімдеміз».

Орталыққа 2 жұмыс беруші жүгініп үлгеріпті. Бүгінгі таңда қаламыздағы қонақ үй және мейрамхана бизнесі кадр тапшылығын сезінуде. Аспаз, кондитер мен наубайшылар ауадай керек. Олардың орташа жалақысы 150-170 мың теңгенің аралығында болмақ.

АНДРЕЙ ФРОЛОВ, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:
–  «Бізге қажет мамандар айына 15 күн жұмыс істейтін болады. 150-170 мың теңге өте жақсы жалақы деп ойлаймын. Біз халықты жұмыспен қамту орталығымен, Кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыстамыз. Осы әріптестіктің арқасында мобильді орталық жайлы естіп, осында келіп отырмыз».

«Прогресс» атты тігін фабрикасына да мамандар қажет. Қазір бұл өндіріс ошағында 70 адам еңбек етеді. Тағы 50 тігінші керек. Фабрика өкілдері Петропавлда осындай орталықтың ашылғанына қуанышты.

САМАЛ ҚАРИЕВА, «Прогресс» тігін фабрикасының заңгері:
– «Біздің фабрикада 120 мен 180 мың теңгенің аралығында жалақы төленеді. Биыл халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 маманымыз кәсіптік оқуды аяқтады. Олар қазір бізде жұмыс істеп жатыр. Келесі жылы басшылық жатақхана салуды жоспарлап отыр. Ол жерде өзге жақтан келген қызметкерлеріміз тұрмақ».

Жаңа орталық күн сайын жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұндай жаңашылдық облысымыздың аудандарында пайда болмақ.


Байболат Култанов