Өңірде әйелдер арасында кеуде ісігі дендеп барады. Дәрігерлердің айтуынша жылына 200-ден астам солтүстікқазақстандық нәзікжанды сүт безі обырына шалдығады.
Облыста жыл басынан бері аталған дерттен 24 әйел қайтыс болған. Сүт безі обыры таралуы жөнінен онкологиялық аурулардың ішінде әлем бойынша да, ел бойынша да бірінші орында тұр.
РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығының онкомаммолог-дәрігері
– Бұл аурудың пайда болуының себебі – стресс, әйел адамның кеуде тұсын жылы ұстамауы және тұқым қуалаушылық. Сол себепті, нәзікжандылар жылына бір рет тексеріліп отырулары қажет. Жоспарлы скринингтен өту керек.
Өзінің денсаулығына немқұрайлы қарамау қажет.
Сүт безі обыры 50 жастан асқан әйелдер арасында жиі кездеседі дейді дәрігерлер.
Көбісі сырқатын созып алып жүгінеді. Ауруды нәтижелі емдеуде оны ерте сатысында анықтау маңызды. Осы орайда профилактикалық шара ретінде өңірдегі емдеу нысандарында ашық есік күні өтеді.
РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығының онкомаммолог-дәрігері
– Қазанның 15-і күні өңірдегі емханалар мен онкологиялық орталықта ашық есік күні өтеді.
Біздің емдеу мекемесінде келушілерді сағат таңғы 9-дан түскі 1-ге дейін 2 маммолог маман қабылдайды. Жалпы, бұл шара бүкіл ел көлемінде өтеді.
“Ашық есік күні” шарасында нәзікжандылар толғандырған мәселесі бойынша дәрігерлердің кеңесін тыңдап, тегін тексерілуден өте алады.
Гульден Симбаева