МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавлда 60-тан астам адам ішкіліктен мәжбүрлі емдеуге жіберілді

Ішімдік ішкен адамның есі кетеді. Облыс орталығында жыл басынан бері
мас адам жасаған 190 қылмыс тіркелді. 22 адам тамыр-таныстарымен қосылып ішімдік ішудің салдарынан туындаған дау-жанжал кезінде жарақат алған. Араққа тойып алып отбасының шырқын қашыруға қатысты мыңға жуық жайт тіркеліпті. Жолда да сау жүрмейтіндер аз емес. 206 жүргізуші рөлге мас күйінде отырған. “Ауру қалса да әдет қалмайды” демекші өзі үшін де, қоғам үшін де зиянды әдетінен арылуға құлқы жоқ жандарды тәртіп сақшылары мәжбүрлі түрде емдеуге жібереді. Осындай шешіммен биыл қалада 63 адам емдеу мекемесіне жөнелтілді. Сондай-ақ, алкогөлдік өнімді заңсыз сатқан 90-нан астам адам, ал 4 мыңға жуығы қоғамдық жерде арақ ішкені үшін жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 15 мың литрден астам алкоголь тәркіленіп алынды.


Данаш Хамзина