МТРА жаңалықтары

Ұлттық ұлан академиясының үздік оқытушысы анықталды

 

Ұлттық ұлан академиясының үздік оқытушысы анықталды. Дәстүрге айналған байқау биыл қыркүйек айының басында бастау алыпты. Арнайы комиссия мамандардың жұмысын бір ай бойы бағамдап, бүгін қорытындысын шығарып отыр.

Бұл сайыста Руслан Мулдиновтың бағы мен бабы қатар шапты. 6 жылдық тәжірибесі бар азамат Ұлттық ұлан академиясының биылғы үздік оқытушысы атанды. Маман курсанттарды физикалық тұрғыда даярлайды екен.

РУСЛАН МУЛДИНОВ, Ұлттық ұлан академиясының оқытушысы:
– 271% Өткен жылы бұл сайысқа қатысып, 2-ші орын алдым. Биыл, міне, үздік атанып отырмын. Жалпы, оқушылар мен курсанттарды даярлау аса жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті, мен оқытушылардың еңбегі ерең деп санаймын. Басшылықтың осылай қолдап, ынталандырып жатқаны қуантады.

Алдағы уақытта Руслан Мулдинов өңір атынан республикалық сайысқа барады. Жалпы, байқаудың облыстық кезеңінде академияның 20-да астам оқытушысы бақ сынапты.

ЕРЛІК ЫҚЛАСОВ, ҚР ҰҰ академиясының жалпы білім беру пәндері кафедрасының бастығы:
–  Мамандардың сабақ өткізу барысы, курсанттармен жұмысы бағаланды.  ҰҰ академиясының басты мақсаты – білімді, мықты офицерлерді дайындау. Ұстаздарға да сондай талап қойылады. Мамандар жастарғы заманға сай тәрбие беріп, оқытулары тиіс.

Шара барысында бірқатар маман жуырда өткен кәсіби мерекелеріне орай марапатқа да ие болды. Айта кетейік, қазіргі таңда академияда 120-дан астам оқытушы еңбек етеді.


Алдияр Айтпаев