МТРА жаңалықтары

Петропавлдық Азия чемпионы атанды

 

42 жастағы петропавлдық тұрғын Юрий Яшин пауэрлифтингтен Қарағандыда өткен Азия кубогы жарысында чемпион атанды. Жай ғана топ жарған жоқ, ол әлем рекордын тіркеді. Додада білекті жерлесіміз бақандай 215 келілік зілтемірді ырқына бағындырыпты. Алтын медаль қоржында.

ЮРИЙ ЯШИН, пауэрлифтингтен Азия чемпионы
– Бұған дейін спорттың бодибилдинг деген түрімен айналыстым. Қазір шұғылданбаймын. Себебі, денедегі бұлшықеттер анық көріну үшін тамақты таңдап жеуің керек. Тағы да басқа талаптар бар. Оның бәрі адамға психологиялық соққы дер едім. Сондықтан, бодибилдингтен уақытша бас тарттым. Міне, осылайша пауэрлифтингпен айналыса бастадым.

Пауэрлифтингтен өткен Азия кубогына 11 мен 70 жас аралығындағы 600-ге тарта адам қатысыпты. Ал Юрий Яшиннің салмағында 4 спортшы бақ сынаған екен.

Әке көрген оқ жонар! Қазіргі таңда спортшының 2 егіз баласы да пауэрлифтингпен айналысады. Александр мен Илья есімді жеткіншектерді залда кездестірдік. Олар да білекті. Бірнеше келілік темірлерді оп-оңай бойдан асырады.

АЛЕКСАНДР ЯШИН,
– Әкем спортпен 12 жасынан бастап айналысқан. Мен де осы жаста залға келдім. Әкемізді үлгі тұтамыз. Оның ақыл-кеңестерін тыңдаймыз. Әкем, інім – үшеуіміз бірге жаттығамыз.

Пауэрлифтингші Юрий Яшиннің Азия кубогына дейін Ресейдің Екатеринбург қаласында әлем чемпионатында топ жарғанын айта кетейік. Ол жарыста 3 мың адам бақ сынапты.


Гульден Симбаева