МТРА жаңалықтары

Өрт сөндірушілер марапатталды

Петропавлда Қостанай облысындағы тілсіз жауды ауыздықтауға ат салысқан өрт сөндірушілер марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің басында көрші өңірдің тұрғындары шыбын жандарын шүберекке түйді. Мұнда 1 күнде 5 ауыл мен 2 орман шаруашылығы отқа оранды. Салдарын мына кадрлардан көруге болады. Қызыл жалын түк те қалдырмаған. Үйлер қирап жатыр.

Қостанайдағы өртпен бүкіл Қазақстан күресті десек болады. Тілсіз жауды жан-жақтан жиылған 1800-ге жуық маман мен 207 техника сөндірген. Олардың 50-і – теріскейлік жігіт. Назарларыңызға тағы да оқиға орнынан видео ұсынамыз. Біздің құтқарушыларымыз жанып кеткен үй орнында жұмыс істеуде. Ал мына азаматтар тас қараңғыда орман ішінде тер төгуде.

Бұл күндер артта қалды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, өрт көптің көмегімен сөндірілді. Қостанай облысына барған жігіттердің бірі – қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қазбек Ғаббасов. Ол әріптестерімен қыркүйектің 3-і күні жолға шығыпты.

ҚАЗБЕК ҒАББАСОВ, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
– Түс ауа шықтық, кешкі 9 кезінде Қостанай облысында болдық. Қып-қызыл өртті көрдік. 5-10 минут аялдап, біз жұмысқа кірістік. Отты таңғы 7-ге дейін сөндірдік.

Әрі қарай да қызыл жалынмен қызу күрес болыпты. Жігіттердің арқасында Аманқарағай ауылындағы біраз үй аман қалған екен.

ҚАЗБЕК ҒАББАСОВ, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
–  Сосын Бағаналы деген ауылға бардық. Кісілерін көшірдік. 6 күн сонда болдық.

Бөлімше командирінің төккен тері елеусіз қалмады. Қазбек Ғаббасов министрден жолданған “Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін” медалімен марапатталды. Награданы өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов тапсырды.

Салтанатты кеште Қостанай облысында болған мамандардың барлығы қошеметке бөленді. Оларға түрлі дәрежедегі марапат табысталды. Бұл жиында залға жиналған қауым департамент бастығының құттықтауын да қабылдады.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы
–  Біздің өңірдегі сияқты Қостанай облысында да ауа райы құбылмалы. Желдің екпіні жиі өзгеріп тұрады. Сол күндері көрші облыста соққан желдің күші секундына 20 метрге дейін жетті. Мұндай жағдайда өртпен күресу оңай емес. Мүмкін емес деуге болады. Бірақ, сіздер бұйрықты орындадыңыздар. Отты әлеуметтік нысандарға, мұнай базасына жібермедіңіздер. Бұл – үлкен ерлік. Шын жүректен алғыс айтамын, ризашылығымды білдіремін.

Айта кетейік, Қостанай облысындағы өрттен 1 адам қаза тапты, 10 қызметкер жарақат алды және 90-нан астам үй отқа оранды.


Байболат Култанов