Құмар Ақсақалов Шал ақын ауданына сапары барысында Кривощёково ауылына соқты. Елді мекендегі тұрмыс жағдайы бұрынғыға қарағанда әжептәуір жақсарған. Әсіресе, жауыр болған тіршілік көзі мәселесі біржақты етілгендей. Мамыр айында ауылдағы су құбырын жөндеу жұмыстары басталды. Шаруаға 90 млн теңге бөлінген.
АНДРЕЙ БОЧАРОВ, «Бочаров» ЖК директоры, Шал ақын ауданы:
– Қазіргі уақытта 10 шақырым жерге су құбыры өткізілді. 30 баған орнатылды. Жинақтағыш жаңартылып, 2 ұңғыма жөнделді. Су құбырын 2 апта ішінде іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге, 40 тұрғын үйге тіршілік көзі тартылды.
Оң өзгерістер мұнымен аяқталған жоқ. Бүгінде Кривощековода 7 шақырым ауылішілік жол жөнделуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған шаруаға 105 млн теңге бағытталыпты. Айта кетсек, елді мекеннің гүлденуіне «Асыл Логистикс» серіктестігі сүбелі үлестерін қосып келеді. Мамандардың алға қойған жоспары ауқымды.
ҒАБИДЕН БАЛҒЫНБЕКОВ, «Асыл Логистикс» ЖШС бас директоры, Шал ақын ауданы:
– Климат өзгерді. Осыған байланысты біз Сергеев су қоймасы арқылы суару жүйесін қолға алғымыз келеді. Жобаның қуаттылығы 5 мың гектарды құрайды. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, қажетті қондырғыларға тапсырыс беріп қойдық. Қазіргі уақытта құбырларды салып жатырмыз, электр энергиясы да өткізілуде. Кривощеководан бөлек, Сухорабовка мен Афанасьевкада астық қоймасын салу үстіндеміз.
Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін 7 млрд теңге жұмсалады. Одан қалды, ендігі жылы серіктестік тауарлы-сүт кешенін салуды жоспарлап отыр. Нысан 600 басқа шақталмақ. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Осылайша, 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. «Асыл Логистикс» серіктестігінің атқарып жатқан жұмыстарына тұрғындар да риза.
СӘУЛЕ АШЫМАЕВА, Кривощеково ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
– Көп өзгерістер болып жатыр. Жолымыз жөнделді, рахметімізді айтамыз. Мен 10 жыл көрмеген асфальтымды осында келіп соңғы 2 жылда көріп отырмын. Сергеевка-Заря арасындағы жолымыз жақсарды. Барлығы алғыстарын білдіруде. «Асыл Логистикстың» мамандары жоспарларымен таныстырып отыр. Қуаныштымыз.
Серіктестіктің тындырып жүрген шаруасы Құмар Ақсақаловтың көңілінен шықты. Сөзінше, кіріс артқан сайын әлеуметтік сала да жақсаруы тиіс.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл азаматтарды қолдау керек. Үкімет тарапынан да біраз қаражат бөлініп отырғандығын көріп отырсыздар. Жол жақсарды, су мәселесі де шешіліп қалар.
Қоса кетсек, «Асыл Логистикс» серіктестігі тұрғындардың өмір салтын жақсартуға аса мән береді. Биыл жалақы мөлшері 20%-ға артқан. Келешекте мектеп пен мәдениет үйін жөндеу жоспарланған. Демек, ел Президентінің Жолдауда жүктеген тапсырмалары біртіндеп орындалып келеді.
Алтынай Казиканова