Әр түрлі

Өңір тұрғындарының 60 пайызға жуығы көмірмен қамтылған

Қыстың қамын жаз ойлаған солтүстікқазақстандықтар алдағы қауырт маусымға 249 мың тонна көмір сатып алған. Яғни, ағайынның 60%-ға жуығы қысқа әзір. Қауырт маусымға Хамитовтер әулеті де сақадай сай. Биылғы қысқа жанұя 5 текше метр отын мен 5 тонна көмір алған. Таңдаулары Шұбаркөлдікіне түсіпті. Оны тамыз айында жалдамалы жүргізушілер аулаға дейін әкеліп төгіп кеткен.

ТАНЗИЯ ХАМИТОВА, қала тұрғыны:
– Өткен жылмен салыстыратын болсақ, көмірдің құны өзгерген жоқ. Биыл барлығы – 83 мың теңге бердік. Үйге дейін жеткізіп бергені үшін жүргізуші 2 мың теңге алды. Көмірді үйге пеш жаққанда және моншаны ысытқанда пайдаланамыз. Сапасы жақсы, одан қалатын күлі де аз. Жылдағы қажеттілік – 5 тонна.

Қыс қаһарын көрсетіп, қажеттілік қақаған аязда бітсе азаматтар қайтпек? Тұрғындар үйлерін қалай жылытады? Осы мәселені облыстық әкімдік отырысында Құмар Ақсақалов тілге тиек етті.

КУМАР АКСАКАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Темір жол тұйықтарында көмір қыс бойы болуы керек. Осыны бақылауда ұстау қажет. Себебі, кейбір тұрғындар қара отынды қауырт маусымға жеткілікті көлемде алмағандықтан қалғанын қыста да барып сатып алады.

Қазіргі таңда блыста 32 темір жол тұйығы бар. Оның 4-еуі облыс орталығында орналасқан. Барлық учаскелерді қоса алғанда қазіргі таңда өңірде 30 мың тонна көмір сақтаулы тұр.

ЕВГЕНИЯ ОСТРОВСКАЯ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда Шұбаркөл, Майкүбі мен Қаражыраның көмірі сатылып жатыр. Тұрғындар қара отынды темір жол түйықтарында шамамен 10-17 мың теңгенің аралығында сатып ала алады. Баға көмірдің маркасына байланысты. Биыл Шұбаркөлдікі ғана 100 теңгеге қымбаттады. Күніне облыс орталығында 400-500 тонна қара отын сатылады.

Сондай-ақ, өңірдегі қара отын қоры таяу арада толығады. Өңірге 1700 тонна Қаражыра және 2700 тонна Шұбаркөл көмірі тиелген поезд келе жатыр.

Алдияр Айтпаев