Өңір тұрғындарына жақсы таныс Ботаникалық бақ. Бұл жерді көпшілік Солтүстік Қазақстанның маржаны деп те жатады. Себебі, мұнда өңіріміздің басқа аймақтарында жоқ дүниелер бар. Оранжерияда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған тропикалық өсімдіктер өседі. Оңтүстік Америка, тіпті, Африкаға тиесілі мыңдаған жасыл желек облысымызда күтіп-бапталуда. Сондай-ақ, мұнда кішігірім зоопарк те бар. Келген жұртшылық жануарларға қызыға қарайды. Бірақ, бұл тұяқтылар мен қанаттылардың мұнда қалай келгенін бірі білсе, бірі білмейді.
Мына бір еліктің лағы осыдан 2 ай бұрын өңір трассаларының маңынан табылыпты. Әуел баста тек сүтпен қоректенген жануар қазір адам қолынан тәттілер жеуге машықтанған. Оған мұндағылар Игорь деген есім берген. Адам қолынан жапа шеккен мына бір кірпі де Ботаникалық бақтан пана тапты.
АННА ЛЯШЕНКО, Ботаникалық бақтың қызметкері:
– Бұл кірпінің аты – Алиса. Кішкентай ғана жануар бізге осыдан 2 апта бұрын жеткізілді. Анасы мен қызы бұл сүтқоректіні подъезде жүрген жерінен ұстап алып, бір ай баққан. Содан кейін бізге әкелген. Әдетте кірпілерді тұрғындар балаларына сатып алады да, қызығы біткеннен кейін осылай далаға жібере салады.
Бұл кірпі негізінен Оңтүстік Америкада тіршілік етеді екен. Жалпы, қазіргі таңда Ботаникалық бақта 20-дан астам жануар бар.
АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:
– Бақта тотықұстардың бірнеше түрі бар. Сондай-ақ, теңіз шошқасы мен екі түрлі қоян тіршілік етеді. Шетелден әкелінген тасбақалар бар. Бұл жануарлар бұрышы 70-ші жылдардың ортасында ашылды. Тұрғындар әкелген тіршілік иелерін біз әрине тексеріп аламыз. Олар 2-3 жұма бойы арнайы карантинде болады.
Жануарлардың қорегіне бақ басшылығы арнайы қаражат бағыттайды. Сондай-ақ, волонтерлер де азық әкеліп береді екен.
Алдияр Айтпаев