Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын жариялағалы 1 ай өтер-өтпес уақыт өтті. Саяси шарада ел Президенті мемлекеттік органдарға, түрлі министрліктерге бірқатар міндеттер жүктеді. Берілген тапсырма қалай орындалуда? Бұл сұраққа бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жауап берді.
ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
– Құрылыс саласына қарайтын 3 мыңнан астам норматив бар. Кәсіпкерлерге де, халыққа да қолайлы болуы үшін олар бір жерге топтастырылды. Себебі, қазіргі құжаттар бөлек тіркелген. Ол нормативтерді қалай іздеу керегін мамандар ғана түсінеді. Халыққа да қолайлы болуы үшін Қала құрылысы кодексін жасау көзделген. Жұмыс тобы құрылды. Құжат келесі жылдың соңына дейін Мәжіліске ұсынылады деп жоспарланған.
Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше ведомство цифрландыру бойынша да жұмыстарды қолға алған. Қазіргі таңда барлық жобалар мемлекеттік сараптамадан өтеді, бірақ тексеріс барысында көптеген қателіктер туындайды. Ал цифрлық құжаттар барлық процесті жеңілдетеді екен. Жобаны платформаға енгізу арқылы оның тиісті нормативтерге сәйкестілігін бағамдауға болады. Бүгінде құжат 65%-ға дайын. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша шаруа 2024 жылға дейін аяқталуы тиіс.
ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
– Біздің міндетіміз – мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы осы аймақта коммуникацияларды: суды, жарықты, газды немесе жылуды қосу мүмкіндігі бар-жоғын көрсету. Аумақта құрылыстың тығыз жүргізілуіне, коммуникация, жол инфрақұрылымына түсетін жүктемеге қатысты шағымдар көп туындайды. Ол үшін біз заңнамалық тәртіпте өзгерістер енгіземіз және белгілі бір ауданға жергілікті атқарушы органдар әзірлеген егжей-тегжейлі жобалаудың әрбір шешімінің қала құрылысы сараптамасынан өтуін талап етеміз.
Жиында министр тұрғын үй төңірегіндегі мәселені де көтерді. Нақтырақ айтсақ, баспана жалдау бағасының шарықтап кеткендігін тілге тиек етті.
ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
– Бізде жалдамалы үйлердің екі түрі бар. Біреуі – мемлекеттік қордыкі. Бұл тұрғын үйлер әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын жандарға белгіленген тұрақты сома негізінде беріледі. Ал жеке сектордағы үйлерге тұрақты баға жоқ. Оны ешкім қалыптастыра алмайды. Бағаны тұрақтандырып, мәселені шешу үшін біз өз ұсынысымызды әзірлеп жатырмыз.
Министр пәтер жалдау құнының көтерілуі уақытша құбылыс деді. Бірақ, қашан төмендейтіндігін болжау да мүмкін емес.
Алдияр Айтпаев