Билік

Әкімдік отырысында халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралды

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей! Өзіңді немесе отбасыңды асырап, жақсы өмір сүру үшін қазір аянбай тер төгу керексің. Ал, халықты жұмыспен қамту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл бойынша аққайыңдар өлкесінде жоспар бекітілген. Оның жүзеге асырылу барысы облыстық әкімдік отырысында тілге тиек етілді.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әртүрлі саласында 10 582 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Қыркүйектің 30-ына дейін өңірімізде 9 370 орын құрылды. Жоспар әзірге 88,5 пайызға орындалды. Міндет Айыртау, Тайынша және Жамбыл сынды аймақтың 3 ауданында орындалмай қалуы мүмкін.

Қазір жеке бастамалары барлар мемлекеттік қолдауға үміт арта алады. Үкімет көмек беруге әрдайым дайын. Ринат Елжасовтың айтуынша, биыл теріскейлік тұрғындар іс бастау немесе кәсіптерін кеңейту үшін 2,6 млрд теңге бөлініпті. Бұл ақшаны Аграрлық несие корпорациясынан қарызға алуға болады. Бүгінгі күнге дейін 83 млн теңгеге 18 өтініш түскен. Оның 9-ы мақұлданыпты.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– Ағымдағы жылы өңірімізде 2 мыңға тарта адам “Бастау бизнес” жобасы аясында оқудан өтеді. Тағы 1200 теріскейлікке жеке істері үшін несие және қайтарымсыз грант беру көзделген.

Қайтарымсыз деген сөзді дұрыс түсіну керек. Үкіметтен ақша алған әр азамат идеясын жүзеге асыруы тиіс. Асырмаған жағдайда қаражат қайтарылады. Бұл ережені біреулер білмеген немесе пысқыра қараған сыңайлы. Жоба да, қаржы да жоқ. Осы үшін Құмар Ақсақалов Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандарының және Петропавл қаласының басшысын сынға алды. Судың да сұрауы бар. Ал әкімдер түрлі себепті алға тартты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Кімге бердіңдер сендер? Ауданның комиссиясы жұмыс істеді. Ақша кімге берілді?

Грант ұтып, бір кездері бөркін аспанға атқан бақандай 67 азамат ауданнан кетіп қалған, жұмыстарын жарты жолда тастаған. Әкімдер осы және өзге де мысалдарды келтіріп, ақталып бақты. Олардан ақшаны қайтару қажет. Аймақ басшысы атқамінерлерге мәселені бақылауға алуды тапсырды. Ал іске немқұрайлы қарамайтындар кәсіптерін өрге домалатуда, жұмыс орындарын құруда. Әрине, арасында алпауыттар бар. Облыстық әкімдік отырысында “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігі бас директорының орынбасары Айваз Бакиров сөз алды.

АЙВАЗ БАКИРОВ, “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС бас директорының орынбасары:
– Өткен жылы біз солтүстік өңір үшін жаңа өндірісті қолға алдық. Былтыр 2 млрд теңгенің тауарын шығарыппыз. Ал 2022-нің 8 айы ішінде 3 млрд теңгенің өнімін өндірдік. Бастапқы кезеңде бізде 160 адам еңбек етті. Қазір жұмысшыларымыздың саны 300-ді құрайды.

Қуанышымызға орай, өңірімізде абыройлы кәсіпкерлер бар. Олардың саны жыл артқан сайын ұлғайып та келеді. Мұны салықтық түсімдерден аңғарамыз.

БАУЫРЖАН ШӘЙКЕНОВ, CҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– Салық өткен жылға қарағанда 6,3 млрд теңге артық түсті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдердің көлемі 24,7 млрд теңгеге артық.

Алғашқы мәселе бойынша айтылғандарды облыс әкімі түйіндеді. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, соңғы 5 жылда аймақта халықты жұмыспен қамту үшін мемлекеттен 9 млрд теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Негізгі сала – ауыл шаруашылығы.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жаңа әрі тұрақты жұмыс орындарын құру көрсеткіші Жамбыл, Тайынша және Айыртау ауданында төмен. Бұл мәселеге назар аудару қажет. Әкімдер инвесторды көптен тартқаны жөн. Осы орайда өңірімізде орташа жалақы соңғы 5 жылда 2 есеге артқанын айта кетейін. Қазір табыс 217 мың теңгені құрайды.

Жиында қаралған екінші мәселе – жылыту науқанының барысы. Жақында үйлерге жылу жетті. Бірақ, бәріне емес. Қазір өңірде 10-нан астам баспанада қоңыржай температура тұр.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Өңірімізде әлі 12 көпқабатты үй орталықтандырылған жылыту желісіне қосылған жоқ. Оның 6-ауы – Петропавлда. Ал қалғаны Саумалкөлде орналасқан. Облыс орталығындағы баспаналардың екеуіне тұрғындардың қалауымен әлі жылу берілген жоқ. Екеуі бойынша келісімшарт жасалып жатыр. Тағы соншасында орын алған апаттан кейін жылу жоқ.

Апат 1 аптаның ішінде жойылады, мәселе шешіледі. Мінберге шыққан қала әкімі Руслан Аңбаев осылай деді. Ал Саумалкөлде бір-екі күнде жаңа қазандық іске қосылады. Сосын 6 көпқабатты үйге жылу жетеді. Отырыс соңында аймақ басшысы Петропавл пен Бескөлдің арасында кесілген ағаштарға қатысты ой да білдірді. Алыстан көз тартатын қайыңдар заңсыз оталған. Келтірілген шығын 41 млн теңгені құрайды. “Қозғалған қылмыстық іс барысында барлығын жіті қарау керек. Жасыл желегі бар учаскелерде тексеріс жүргізілсін. Енді мұндайға жол жоқ және пайдаға аспаған аумақтар мемлекетке қайтарылсын”! Құмар Ақсақалов жиынды осылай аяқтады.

Байболат Култанов