Күн суытысымен қазанның 1-інен бастап елімізде вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық маусымы басталды. Солтүстіктегі жағдайға тоқталайық: соңғы аптада өңірде жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 552 фактісі тіркелді. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 1800-ден асқан. Тұрғындар арасында тұмау жұқтырғандар жоқ.
АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– 2021-2022 жылдың өткен эпидемиологиялық маусымында ЖРВИ-дің 30976 жағдайы тіркелді. Оның алдындағы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда өсім 9%-ды құрайды. Маусымдық тұмау жоғары температураның кенеттен пайда болуымен, жөтелмен, бас, бұлшықет, буын ауруымен, қатты әлсіздікпен сипатталады.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Қазіргі таңда вирустық инфекциялардың алдын алудың бірден бір жолы вакцинация екені мәлім. Бүгіннен бастап облыс аумағында тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды.
АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Тұмауға қарсы профилактикалық егуге жататын тәуекел топтарына вакцинация тіркелген жері бойынша емханада тегін жүргізілетін болады. Ол топқа: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер жатады.
Солтүстікқазақстандықтардың кейбірі алдын ала қамданып, екпе алып үлгерген.
– Тамыз айында тұмауға қарсы екпе алдым. Содан кейін ауырған жоқпын. Ауа райы алдамшы болғандықтан, суық бірден ұстап қалуы мүмкін. Сол үшін сақтанып жүрген жөн.
– Қазір маусымға байланысты сырқаттанушылар саны артып барады. Сол үшін денсаулықты күтіп, сақтанып, екпе алған дұрыс деп санаймын. Ертең тұмауға қарсы вакцина қойғызуға барамын.
Айта кетсек, ауру жұқтыру қауіптілігі жоғары және иммунитеті әлсіз адамдарға тегін екпе егу үшін ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.
Алтынай Казиканова