Бүгін 7 петропавлдық нәзікжанды тігінші атанып, қолдарына сертификат алды. Олар 4 ай бойы, яғни маусымнан қыркүйектің соңына дейін «Прогресс» тігін фабрикасында тегін оқытудан өткен. Жаңа саланы меңгергендердің ішінде Любовь Власова-Касимова да бар. 46 жастағы жерлесіміз курсқа бар ынтасымен ден қойып, аз уақыттың ішінде тігін ісінің қыр-сырын толықтай меңгеріп алған.
ЛЮБОВЬ ВЛАСОВА-КАСИМОВА, қала тұрғыны:
– Фабрикаға алғаш келгенімде мұндағы әйелдердің өз істеріне сүйіспеншілікпен қарап, асқан қызығушылықпен жұмыс істеп отырғандарын көрдім. Бұдан менің де ниетім арта түсті. Бастапқы кезде қиын болғаны рас. Алайда, тәлімгеріміз әрқайсысымызға жеке-жеке үйретіп отырды. Білмегенімізді ақырын түсіндіріп, тігін машинасын өзі қолға алып, ерінбей көрсеткен кездері де болды.
Айта кетсек, фабрика 2014 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Негізінен, әскери формаларды дайындайды. Одан қалды, мамандар кішкентай балалар мен мектепке арналған киім-кешек тігеді. Кәсіпорын жылына 100 мыңға дейін тауар шығарып отырады.
ӘСЕТ НОҒАЙБАЕВ, “Прогресс” тігін фабрикасы” ЖШС құрылтайшысы:
– Тігін ісін меңгеремін деген солтүстікқазақстандықтар үшін есігіміз әрдайым айқара ашық. Келесі жылға қарай мамандар үшін жатақхана мәселесін де қарастырып жатырмыз. Тігіншілердің жалақысы 120 мыңнан басталып, 180-ге дейін жетеді. Маманның тәжірибесі мен еңбек өтілі көбейген сайын сәйкесінше айлығы да арта түседі.
Қазір ғимаратта 76 адам еңбек етеді. Келесі жылдың наурызына қарай тізімді 125-ке дейін көбейту жоспарланған. Мамандар саны жұмыссыз қалалықтарды тегін оқыту аясында артуы мүмкін.
СЕРІКЖАН ИСЕНОВ, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:
– Бұл бағдарлама мемлекеттік бюджет аясында жүзеге асырылып отыр. Қалалықтар оқытудан өткен кәсіпорындарында әрі қарай екі қолға бір күрек таба алады. Қазір жұмыссыз тұрғындар «Alageum Electric» компаниясы мен колледжде курстан өтіп жатыр. Соңғы аталғанында мамандық меңгерушілерге шәкіртақы да төленеді.
Бүгінде облыс орталығында түрлі сала бойынша 80 адам оқытудан өтуде.
Алтынай Казиканова