Билік

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІІ конференциясы өтті

Бүгін облыстық кітапханада «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІІ конференциясы өтті. Басқосуда 3 мәселе қаузалды. Олар: жаңа саяси тұғырнаманың жобасын талқылау, “AMANAT” партиясының XXIV съезіне делегаттарды сайлау мен партияның өңірлік филиалының саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі :
– Қазіргі таңда елімізде партияның жаңа саяси тұғырнамасы кеңінен талқылануда. Жаңа құжат осы жылдың наурыз айында басталған ауқымды партиялық трансформация аясында әзірленді. Тұғырнаманы әзірлеуге бүкіл ел бойынша 43 мыңға жуық партия мүшесі қатысты. Олардың бір мыңнан астамы өздерінің ұсыныстарын жіберді.

Кез келген партияның тұғырнамасы – ұйым өкілдері үшін бағыт-бағдар жазылған маңызды құжат болып саналады. Мұнда Президенттің реформаларына да қолдау білдірілген. Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, бұл – саяси құжаттағы негізгі ерекшелік.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
– Құжатта әр адамның лайықты білім мен қолжетімді дәрі-дәрмек алу құқығына, жеке өмірінің құпиясын қорғауға, жайлы әлеуметтік орта мен сенімді шаңыраққа ие болуына ерекше көңіл бөлінген. Проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары нақты көрсетілген. Осы орайда біздің қоғамдық қабылдауларымыздың жұмысын мысалға келтіруге болады. Олардың жолға қойылған жұмысы партияға солтүстікқазақстандықтардың мәселелерінен үнемі хабардар болуға мүмкіндік береді, ал өкілетті органдармен орнатылған байланыстардың арқасында мәселелер әлдеқайда жылдам шешіледі.

Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаты Владимир Витченко «AMANAT» партиясы билік пен халық арасындағы көпір екендігін атап өтті. Баяндамасында халық қалаулысы «Дені сау ұлт» бағытына да тоқталып өтті.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, қалалық мәслихат депутаты:
– Соңғы жылдары өңірімізде көптеген спорт нысаны бой көтерді. Барлығы – 200-ден астам нысан тапсырылыпты. Олар: хоккей корттары, футбол алаңдары мен жүгіру жолақтары. Сондай-ақ, биыл “Арт спорт” бағдарламасы іске қосылды. Бұл – біздің партиялық жобамыз. Айта кетейін, қазіргі уақытта шаһарда 3 мыңнан астам бала спорт үйірмелеріне тегін барады.

Облыс орталығында негізгі 3 футбол алаңы бар. Мектептердің аумағында да спортпен шұғылдану үшін алаңқайлар қарастырылған. Бірақ, ол жерлерге балалар кез келген уақытта кіре алмайды. Мәселені шешу үшін өңір басшысы өз ұсынысын білдірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:
– Между школой и стадионом сделаем забор. Что бы в вечернее время на территории школы не было людей, но был доступ к стадиону. И всем желающим можно было посетить эти стадионы.

Алдағы уақытта Петропавлда кең спорт алаңы бар тағы 2 мектеп пайда болады. Нысандар “Қапай” мен “Жас өркен” шағын аудандарында салынады. Жиын соңында партияның өңірлік филиалының саяси кеңесінің құрамына 33 адам қабылданды, ал бақылау-тексеру комиссиясының құрамы 5 адаммен толықты.

Самал Жунусова