ҚоғамБилік

Аққайыңдықтарға әлеуметтік кодекстің мүмкіндіктері түсіндірілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы тобы аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуде. Бейсенбіде меймандар аққайыңдық активпен жүздесті. Шарада олар жиналғандарға Жолдаудағы негізгі бағыттарды түсіндірді.

ӘЛІМЖАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
– Демография саласы бізге өте маңызды. Бұл салада серпіліс болуы үшін қолдау артты. Бұрын төлем бала 1 жасқа толғанша жасалса, қазір 1 жарым жасқа дейін жасалады. Әділетті әлеуметтік модель дегеніміз – барлық жағдай қарастырылған бағдарламалар. Жұмыс беруші бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, жұмыс орындарын ашады.

Сондай-ақ, Қазақстанда отбасының цифрлық картасы да енгізіледі. Электрондық еңбек биржасы базасында цифрлық экожүйе қалыптастырылады. Жиында зейнетақы төлемдерін арттыру және жаңа көші-қон саясаты туралы да айтылды.

ӘЛІМЖАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
– Миграция заңы бар ғой. Сонда бірнеше жаңашылдық бар. «Ашық Қазақстан +500» тұжырымдамасы арқылы біз сырттан керек мамандарды шақырамыз. Еңбек миграциясы экономиканың дамуына, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы тобы брифингіге қатысты. Ауыл тұрғындарын жеке қабылдау да ұйымдастырылды. Оған бірінші болып Аққайың ауданының тұрғыны Галина Степаненко келді.

ГАЛИНА СТЕПАНЕНКО, Аққайың ауданының тұрғыны:
– Мен әлеуметтік қызметкермін. «Алтын алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға алдағы уақытта қандай қолдау көрсетіледі? Өзгеріс бар ма?

ӘЛІМЖАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары
– Әлеуметтік кодекс қабылданғаннан кейін «Алтын алқамен», 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерімен марапатталған және «Батыр Ана» атағы бар жандар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артатын болады. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық ананы қамтиды.

Арнайы топ мүшелері Аққайың ауданына қарасты Трудовое елді мекеніне ат басын бұрды. Мұнда да олар ауыл тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік кодекстің мүмкіндіктерін түсіндірді. Ауылдықтардың сұрақтарына да жауап берді.

Гульден Симбаева