Облыстық мәслихат сессиясы өтті. Жиында білім басқармасы қазандықтар алып, мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қазынадан қосымша 93 млн теңге қаражат сұратқаны айтылды. Мұндай жағдай денсаулық сақтау секторында да орын алып отыр. Оларға мамандарды даярлау үшін 49 млн теңге жетпей қалған. Облыстық бюджетке алақан жайғандардың тізімі мұнымен аяқталған жоқ.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына 18 млн теңге берілді. Олар қаржыны орталықтарға азық-түлік алып, коммуналдық қызметтерді төлеуге сұратты. Тағы дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы секторлары қосымша ақша алды.
Сессияда қарастырылған екінші мәселе ветеринАрия саласына қатысты болды. Елімізде жануарларды ұстау ережесі өзгертілген. Енді адамдар итті тұмылдырықсыз ұзындығы 2 метрден аспайтын қысқа шылбырмен серуендете алады. Бірақ, қожайынында арнайы құралдар міндетті түрде болуы тиіс. Егер ондай жабдықтар қарастырылмаса, онда үй жануарын байлап немесе қоршауда ұстау қажет.
ОЛЖАС БОЛЫСПАЕВ, СҚО ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Бұл жоба қағидалары бәріне де ортақ. Олар сақталмаған жағдайда үй жануарының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өзгерістер ең бастысы түрлі оқыс оқиғалардың алдын алуға септеседі.
Жиын соңында үздік халық қалаулысы марапатталды. Республикалық «Депутат» журналының нұсқасы бойынша «Есей Агро» ЖШС директоры Серік Жүкеев құрметке бөленді.
Байболат Култанов