Ауыл шаруашылығы

Төрт ауданда орақ науқаны аяқталды

Биыл өңірде күзгі орақ науқаны 4 млн гектардан астам аумақты қамтыды. Оның 3 млн-нан астамына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, майлы дақылдар – 1 млн гектарға, 32 мың гектар аумаққа картоп егілді. Сонымен қатар, көкөністер 6 мың га жерге өсірілді. Нәтижесінде әзірге дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 98%-ы, майлы дақылдардың 58,5 %-ы қамбаға құйылды. Айта кетсек, бүгінде Есіл, Тимирязев, Шал ақын және Уәлиханов аудандарында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары мәресіне жетті. Өнімдерді қабылдайтын кәсіпорындарға 1,1 млн тонна астық түсті. Орақ науқанына 7 мыңнан астам комбайн мен тағы біраз техника жұмылдырылды. Жыл басынан бері диқандар машина-техника паркін 55 млрд теңгеге 2 мыңға жуық данамен жаңартқан. Оның ішінде Қазақстанда құрастырылған 80 техника 4,5 млрд теңгеге «Ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі» бағдарламасы аясында сатылып алынған. Сондай-ақ, келесі жылдың қамымен әзірге 1 млн гектер жер жыртылып, 372 мың тонна тұқым сақтауға қойылды.

Алтынай Казиканова