Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара жабылған жоқ. Қазір елдің шетіндегі, желдің өтіндегі мамандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Аз-кем сандармен бөлісейік. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аймақ басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек қыркүйектің 21-і мен 25-і аралығында өлкеге 30 мыңнан астам ресейліктің өткенін айтты.
ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
– Оның 20 мыңнан астамы – 18-60 жас аралығындағы азаматтар. Ресейлік тарап бақылауды күшейтті. Соған байланысты қазір шекарадан өтушілер азайды.
Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейден өңірге 1 тәулік ішінде 8 мыңға дейін адам келіпті. Қазір бұл көрсеткіш 5 мыңның маңында екен. Көрші келдің азаматтары шаһарда қонақ үйлерге, пәтерлерге, тағы да басқа жерлерге қоныстанып жатыр. Бұл ретте қабылдаушы тарап, яғни, солтүстікқазақстандықтар мынандай талапты ескерулері тиіс.
ЕРМЕК НҮСІРБАЕВ, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
– Көрші елдің азаматтарын қабылдаған баспана иесі 3 жұмыс күні ішінде көші-қон қызметі басқармасына хабар беруі қажет. Хабарламаған жағдайда ескерту жасалады. Ал келесіде ескерту еленбесе, айыппұл салынады.
Айыппұлдың көлемі 90 мың теңгенің үстінде. Бүгін мемлекет басшысы іссапармен Түркістан облысында болды. Өңір жұртшылығымен кездесуде Президент Ресейден келіп жатқан азаматтарға қатысты ой білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев шекара асқан адамдарға көмек көрсетілетінін, бірақ жеңілдіктер берілмейтінін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– «Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек».
Ел көлеміндегі дерек: қыркүйектің 21-інен бері елімізге 98 мыңға тарта ресейлік келіпті.
Байболат Култанов