Спорт

«Ботай» ұлттық ойынынан қалалық тұсаукесер-жарысы өтті

Шапшаңдық пен мергендікті, қырағалықты талап етеді. Облыстың құрметті азаматы Амандық Жантеміров бала кезінде қатарластары сияқты асық ойнап өскен. Жасы 80-ге таяған қария бүгін жаңаланған «Ботай» ойынын ойнап бір марқайып қалғанын айтады.

АМАНДЫҚ ЖАНТЕМІРОВ, облыстың құрметті азаматы:
– Асық атқан бала епті болады. Оның қозғалысы жақсарады. Біздің кезімізде ешкінің, қойдың асығын алып, жинап, бояйтынбыз. Қара малдың сақасын алып тегістеп, ортасына қорғасын құйылатын. Біздің кезімізде екі қарыс, бір табан дейтін. Бір табаннан асып кетсе, бала ұтты деп есептеледі.

«Ботай» ойынының түп-тамыры асық атудан шыққан. Ережелері де ұқсас, дегенмен спорттық нақышқа келтіріліп, сәл өзгертілген. Неліктен мұндай атау берілгенін түсіндіре кетейік. Ғалымдар өңіріміздің мақтанышы – «Ботай» тұрағынан боялған асық, сақаларды тапқан. Бұл – ата-бабаларымыздың осы жақта тұрып, ұлттық ойынды ойнағанының айқын дәлелі.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Мен өзім кәсіптік-техникалық училищеде жұмыс істеп жүргенімде балаларымды «Ботай» тұрағына апардым. Сонда сақаларды көріп таң қалғанмын. Оқымыстылар бұл жай жылқының сүйектері емес, ойынға қолданылғанын айтқан. Балаларымызға ұлттық ойынды дәріптеуіміз керек. Ұлттық рух жақсы ойыннан, дәстүрден, салт-санамыздан басталады.

«Ботай» ойыны ең алғаш рет 2017 жылы «Қымыз Fest» фестивалінде ойналды. Ережесін Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы мен «Дарын» мектебінің ұстаздары жазған. Жалпы, асық, сақа атумен бірдей, дегенмен өзіндік ерекшеліктері бар. Асық ату сияқты бұл да мергендікті талап етеді, тек кішірек алаңда ойналады.

ҚУАТ ХАЙРУЛЛИН, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі:
– Асық ойынында диаметрі 2,4 метрлік шеңберден атып шығару міндет болса, мында 2-1,5 шаршыдан 3 табанға атып шығару керек. Асық атуда – 5 табан. Мында топаймен атса, асықта құлжамен атылады.

«Ботай» ұлттық ойынынан қалалық тұсаукесер-жарысына 10 ардагер қатысты. Жалпы, бұл түр Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында төртінші рет ойнатылып отыр.

Алтынай Казиканова