БілімҚұрылыс

Шал ақын ауданында екі мектеп “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында жөндеу көрді

Шал ақын ауданында 26 мектеп бар. Оның 16-сы – орта, қалғаны – негізгі. 26 білім ұясының екеуі былтыр күрделі жөндеуден өтті. Кеңес орта мектебі 80-ші жылы салынған. Мектепте соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. Тозыңқырап қалған білім ұясын жаңалауға «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

СЫРЫМ МҰХАМЕДИН, Кеңес орта мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:
– Шатыр, қабырғалар мен сәкі түгел ауыстырылды. Жаңа терезе қойылды. Мектеп ескі болғаннан кейін іші салқындау болатын. Қазір мектебіміз өте жылы. Жылу жүйесі де ауыстырылды.

Роза Адырбаева Кеңес орта мектебінде 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Айтуынша, мектептің сыртында ғана емес, ішінде де өзгеріс бар. Ұжым биыл 2 жас маманмен толығыпты.

РОЗА АДЫРБАЕВА, Кеңес орта мектебінің мұғалімі, Шал ақын ауданы:
– Балалар да құлшыныспен мектепке келеді. Мектебіміз жақсы дәрежелі. ҰБТ-дан да білім ұямыз аудан бойынша 1-ші орында. Былтыр түлектердің барлығы жоғары оқу орнына түсті.

Жалпы, Кеңес орта мектебінде 60 ұл-қыз білім алады. Мұғалім саны 20-дан асады. Ступинка негізгі мектебі де өткен жылы күрделі жөндеу көрді. Бұл бағытқа да “Ауыл-ел бесігі” бағдаламасы аясында 42 млн теңге қаржы жұмсалған.

СӘУЛЕ ЕРҒАЛИЕВА, Ступинка негізгі мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:
– Мектептің кіреберісі, кітапхана мен асхана жаңартылды. 150-ден астам терезе ауыстырылды. Сол қаржыға қазандық жөнделді. Биылға 500 тоннаға жуық көмір алып қойдық.

Ступинка негізгі мектебі 450-ден астам оқушыға шақталған. Бірақ, қазіргі уақытта бала саны аз, небәрі 46 ұл-қыз білім алады. Өткен жылы облыста барлығы – 46 мектеп жөндеу көрсе, биыл 26 білім ұясы жаңаланды. Бұл бағытқа биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2 млрд теңге қаржы жұмсалған.

Самал Жунусова