Баспанаға мұқтаж мүгедек жандар аманаттықтардан көмек сұрады

Қоғам

19:20 20 Қыркүйек 2022

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Кездесуде кембағал жандар мазалаған сұрақтарын қойып, проблемаларымен бөлісті. Петропавлдық Роза Жүсіпова – екінші топтағы мүгедек. Оның үстіне жалғыз өзі 1 бөлмелі жатақханада қос қызын бағып отыр. 39 жастағы нәзікжанды денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Ай сайын төлем жасап отыру қиындық тудыратынын айтады. Жеке баспанасын аңсап жүрген оның әкімдікте пәтер кезегінде тұрғанына 10 жыл болыпты.

РОЗА ЖҮСІПОВА, қала тұрғыны:
– Жуынуға баратын жер жоқ. Қайта-қайта көшіп жүрдік. Қазіргі жатақханада тұрып жатқанымызға 1 жыл болды. Осы мәселе бойынша әкімдікке талай рет барып, кезегім туралы сұрадым. Барлығының жауабы бір – кезегіңізді күтіңіз, аласыз дейді.

Қазір қала тұрғыны кезекте 1369-ші боп тұр. Оған жеткенше әлі бірталай жыл күту керек. Сол үшін партия өкілдері тұрғын үй жалдау субсидиясын рәсімдеуді ұсынып отыр.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:
– Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына бұл істі бақылауға алып, қала тұрғынына көмектесу туралы тапсырылды. Бұл мәселені біржақты ету үшін меценаттар мен қайырымдылық қорларын да тартамыз ба деп отырмыз.

Тағдыр тауқыметін тартып жүрген Валентин Макух та баспана мәселесі бойынша жүгінді. Екі қолынан жартылай айырылған 1-ші топтағы мүгедек жер үйде тұрады. Жақыны жоқ азамат қыста отын-көмір кіргізіп, пеш жағу қиынның қиыны дейді.

ВАЛЕНТИН МАКУХ, қала тұрғыны:
– Жарықты уақытылы төлемегенім үшін қиып тастады. Үйдегі жағдай мәз емес. Сол үшін көмек сұрап «AMANAT» партиясына келіп отырмын. Мәселемді тыңдап, қалай шешу керектігін ашық түсіндіріп берді. Қоғамдық көлікте тегін жүріп-тұру бойынша Театральная көшесіне, 36 мекенжайындағы мекемеге баруым керек екен.

Гүлфира Рамазанова 50 жастағы петропавлдыққа Смирноводағы мамандандырылған мекемеге баруды ұсынды. Нысан 1,2 топтағы мүгедектер мен қарт адамдарға арналған.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» партиясы СҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:
– Халықты жұмыспен қамту орталығы мен бейінді бөлім қызметкерлері қажетті құжаттарды дайындап, медициналық тексерістен өткізуге көмек қолын созады. Жалпы, Смирновода Валентин Макухтың жағдайы жақсарып, өзінің көңілінен шығады деген ойдамыз. Ол жақта тамағы уақытылы беріледі, қысты жылы жерде қарсы алмақ.

Қабылдауға жалпы 7 адам жазылған. Әрқайсысы түрлі мәселе бойынша, негізінен, тұрғын үй жағдайын жақсарту, мүгедектікті рәсімдеу, жәрдемақыға қатысты проблемаларын айтты.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз

СҚО-да 5 мыңнан астам адам 2020 жылғы мүлік салығын әлі төлемеген
Жолдау жүктеген міндеттер
Биыл 180-нен астам егде жастағы жан жұмыспен қамтылмақ
«Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Петропавлға келді
Архивте “Ашық есік” күні өтті
Шалақындықтар зейнет жасын төмендетуді сұрайды
“Есіл су” филиалында еңбек еткен ардагерлерге құрмет
Қалада таза бейсенбілік өтті
СҚО-да 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады
Қоқыс мәселесі
Іргелі серіктестіктің қолдауымен көркейіп келе жатқан ауыл
Қоғам дертіне айналған интернетпен күрес