ТКШҚоғамҚұрылыс

СҚО-да 650 шақырымнан астам жолды жөндеу қажет

Қажетті қаражаттың жоқтығынан жұртшылық жапа шегуде. Ақжар ауданындағы Бостандық пен Киевское ауылдары арасындағы жолды жөндеу жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған. Жауапты іске көкшетаулық “Көкшетау Жолдары” серіктестігі білек сыбана кіріскен еді. Бірақ, қазанда аяқталуы тиіс шаруа қазір тұралап тұр. Бүгінгі күнге дейін ұзындығы 57 шақырымды құрайтын трассаның тек 7,5 шақырымы жөнделген. Бұған себеп мемлекеттен қаражаттың уақытылы бөлінбеуі, – дейді “Көкшетау Жолдары” серіктестігінің өкілі Александр Коротков.

АЛЕКСАНДР КОРОТКОВ, “Көкшетау Жолдары” ЖШС өкілі:
– Бізге бөлінген қаражат 7,5 шақырымды жөндеуге ғана жетті. Қазіргі таңда қажетті материалдарға кететін шығын көлемі де көбейді. Битумның өзі 250%-ға қымбаттады. Келесі жылы не боларын ешкім білмейді. Бірақ, қаражат уақытылы берілсе, біз жұмысты 2023 жылы бітіреміз.

Келісімшарт бір жылға ұзартылды. Яғни, серіктестік қайткен күннің өзінде қалған 49,5 шақырымды бітіруі тиіс. Жалпы, күрмеуі күрделі қиын мәселеге айналған бұл жоба құны 2 млрд 16 млн теңгені құрайды. Айта кетейік, жыл сайын өңір жолдарын жөндеуге 19,3 млрд бөлінуі тиіс. Бірақ, былтыр да, биыл да бұл сома толық көлемде бағытталмапты. “Жағдай қайталана берсе облыс жолдарының жақсаруы екіталай дейді”,- облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.


СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Толық көлемде қаржы бөлінбеуіне байланысты 2026 жылға қарай жолдардың нормативтік жай-күйінің үлесі 98%-ға дейін жеткізілмей қалу қаупі бар. Жалпы, бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайынғы амортизацияны ескере отырып, 650 шақырымнан астам жолды жөндеу қажет.

Қазіргі таңда облысымызда жергілікті маңызы бар көлік жолдарының ұзындығы 7 мың шақырымнан асады. Оның стандартқа сай келетіні 74%-ды құрайды.

Алдияр Айтпаев