Мәдениет

Петропавлда аймақтық ақындар айтысы өтті

Тиексіз тілмен тас жарған айтыскерлер Петропавлда бас қосты! Бүгін облыс орталығында “Тіл-татулық тірегі” атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Бұл жолғы өнер бәйгесіне 12 жүйрік қосылды. Делебе қоздырар дода шымылдығын қала әкімі Руслан Аңбаев ашты.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
- Айтыс десе әрбір қазақ ішер асын жерге қояды. Себебі, айтыс – біздің төл өнеріміз, басты мәдени құндылығымыз. Мұхтар Әуезов айтқандай айтыс – сөз барымтасы. Бұл өнер арқылы ақындарымыз қоғамдағы өзгерістерді, жаңалықтарды жырлаған. Мәселелерді көтерген. Айтыскерлерге сәттілік тілеймін!

Көп ұзамай ортаға ақындар шықты. Соқыр жеребе қос құрдасты жұп қылды. Сөз бәйгесі алаңында – Диас Аяған мен Ермек Жұма. Айтыс бастала сала тетелестер бір-бірін сөзбен шымшылай жөнелді. Жастардың көптен бері айтыста жолдары түйіспепті. Ол Диас Аяғанның сөзіннен білінді.

Жастар молынан айтысты. Екеуі де тіліміздегі мәселелерді әзілмен кеңінен қозғады. Бұл айтыс көпшілік көңілінен шыққаны сөзсіз. Айтыссүйер ағайынның қошеметі қос ақынға да шабыт берді.

ДИАС АЯҒАН, айтыскер, Петропавл қаласы:
– Айтысымыз көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын. Залда жастар, аға буын өкілдері отырды. Олардың қошеметі, ыстық ықыластары ерекше болды. Айтыстың деңгейі өсіп жатыр. Соған сай іздену керек.

Бұл кеште қалың көпшілік қыз бен жігіт айтысына да куә болды. Қашанда сөз барымтасының шырайын кіргізген бұндай сөз аламанына петропавлдық Ақтілек Қайымхан мен астаналық Ақбота Манарбекова түсті. Сері жігіт елордалық бұрымға қырындап сөз де салды, гүл де берді. Ол ол ма? Ән де салды. Бірақ, бойжеткен өз сөзінен қайтпады. Жігіттің жанына жолдас болмайтынын баса айтып, айтысты аяқтады. Жалпы, Ақбота Манарбекова – айтысқа қатысып жатқан жалғыз ару.

АҚБОТА МАНАРБЕКОВА, айтыскер, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Айтыс өте керемет болды. Қыз бен жігіт айтысы болғаннан кейін халықтың біздің айтысты қабылдауы ерекше болды. Көңілімізден шықты. Жас айтыскер болғаннан кейін алдыңғы буын ағаларымыз бен апаларымызды әркез тыңдап, тәжірибе алмасамыз.

Айтыста жалпы 6 жұп өнер көрсетті. Кіл мықтыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар берілді.

Алдияр Айтпаев

REL POST ID: