Туризм

Құмар Ақсақалов Айыртау ауданындағы «Ажар» демалыс аймағын көріп шықты

Тұмса табиғат төрінде тұрғызылған мына әдемі тұрғынжайлар «Ажар» демалыс аймағына тиесілі. Шалқар көлінің бойындағы бұл базаның жұмыс істеп тұрғанына жарты жыл ғана болды. Сонда да отбасымен уақытты тиімді әрі көңілді өткізу үшін жасалған бүкіл жағдайымен көпшілікті баурап алған. Әсем табиғат аясында демалуға тіпті көрші ел тұрғындары да құмар екен.

ОКСАНА ПАВЛЮК, «Ажар» демалыс аймағының әкімшісі, Айыртау ауданы:
– Біз жаңа, заманауи үлгідегі 4 үлкен үй салдық. Тағы алтауының құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Тұрғынжай ішінде жылу жүйесі, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш, жуынатын орын, жалпы айтқанда келушілерге қажеттінің бәрі бар. Тіпті арнайы бөлек балалар бөлмесін де жасадық. Жалпы, «Ажар» демалыс орнында волейбол алаңы, монша, қыздыруға арналған бөлік те бар. Маусым аяқталғандықтан, оны жинап тастадық.

Расымен, үйлердің іші де сырты да көз тартады. Ескілерін адам танымастай өзгертіп, жаңасын салуға, демалыс базасының өңін келтіруге 200 млн теңге кеткен. Алайда, «Ажар»-ға жетемін дегенше біраз жолдың машақатын көру керек. Оксана Павлюк енді жол мен жарық мәселесі шешілсе екен дейді. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов проблема біржақты етіліп, қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Шалқар-Имантау аймағын барынша дамыту керек. Сол себепті, сіздерді қаржылай қолдаудың амалдарын қарастыруға дайынбыз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы туризмді дамытуға арналған бөлек бағдарламар бар. Төмен пайызбен несие алып, мақсаттарыңызға жетуге болады. Өйткені, екінші деңгейлі банктер арқылы мұндай қаражатты ала алмайсыздар.

Облыс әкімі келешекте Шалқар-Имантау аймағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне өткізілетінін айтты. Әзірге, демалыс орындары ұлттық саябақтың құрамында.

Алтынай Казиканова