Жолдау жүктеген міндеттер

Қоғам

21:24 12 Қыркүйек 2022

Күлбаршын Жүкенова Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда әлеуметтік ұстаз болып еңбек етеді. “Қазақтың салт-дәстүрлері” атты үйірмесі де бар. Мұндағы сабақтарды ұлттық киімде өткізеді. “Оюлы қамзол мен кимешек көрген бала мұғалімді зейін қойып тыңдайды, тақырыпты тереңірек түсінеді”,- дейді білікті маман. Келесі жылы жерлесіміз 61-ге толып, зейнетке шықпақ. Бұған Күлбаршын Аманбайқызы өзге азаматшалар сияқты қуанышты.

КҮЛБАРШЫН ЖҮКЕНОВА, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның әлеуметтік ұстазы:
– Жас ұлғайған сайын жұмыс істеу қиындай түседі. Жас өзінікін алады. Компьютерде көп отырамыз. Сонда көзіме көп күш түседі.

Расымен, 50-ден асқан ақ жаулықты аналарға жұмыс істеу оңай емес. Өзекті мәселе қоғам арасында жиі көтерілді. Осыны ескере отырып, Президент соңғы Жолдауында әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып қалатынын жариялады. Су жаңа саяси маңызды құжатта 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшерінің біртіндеп артатыны да жазылған. Бұл жаңашылдықтың 2 млн отандасымызға қатысы бар.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Бүгінгі күні минималды базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайыз құрайды. Бұл – 20 191 теңге. Ал максималды базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайды. Бұл – 37 389 теңге. Біртіндеп артатын болады. Облыста базалық зейнетақыны 100 мыңға жуық зейнеткер алады.

Жолдауда көтерілген тағы бір мәселеге көшейік. Енді бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақы 1 жарым жылға тағайындалады. Яғни, ата-аналардың шотына 12 ай емес, 18 ай бойы мемлекеттен ақша аударылмақ.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “1 жарым жылдық жәрдемақы тек 2023-ші жылдың 1-ші қаңтарынан ата-ана атанған қазақстандықтарға ғана тағайындалады, бізге еш қатысы жоқ”. Қазір қоғамда, әсіресе, әйелдер қауымының арасында осындай әңгіме қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе бойынша жауапты орган өкілдеріне жүгіндік. Сөйтсек, алдағы уақытта биыл, тіпті, былтыр да сәби сүйген жандардың шотына қазынадан қаржы аударылады екен. Бастысы, бала ағымдағы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін жасқа толмауы керек.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті өкілдері есептеу жүргізіпті. Сонда алдағы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 4 мың адам балалары үшін жәрдемақы алатындары анықталған. Солардың бірі – Ботагөз Сыздықова. Азаматша – 6 айлық сүп-сүйкімді Әлия есімді қыздың анасы. Сәбидің атын атақты батырымыздың құрметіне әкесі қойыпты. Жерлесіміз Жолдауды тыңдап, жаңашылдыққа қатты қуанған екен. “Келешекте мерзім тағы ұзартылса, нұр үстіне нұр болар еді”,- дейді жас ана.

БОТАГӨЗ СЫЗДЫҚОВА, қала тұрғыны:
– 1 жыл да, 1 жарым жыл да аз. Балабақшалар балаларды 2 жастан алады. Алдағы уақытта төлем жасау уақыты 2 жылға дейін ұзартылса екен. Бұл жаңалыққа тіпті қуанатын едік.

Біреу білсе, біреу білмес, жәрдемақы жағдайға байланысты түрлі тәсіл бойынша тағайындалады. Бұл бағытта да өзгеріс орын алады. Құлақ түріңіздер!

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Жұмысынан айырылған кезде “Жұмысынан айырылу бойынша” төлем тағайындалады. Ол жоғалған табыстың 40 пайызын құрайды. Енді оның мөлшері табыстың 45 пайызын құрайтын болады.

Жолдауда Отбасының цифрлық картасын енгізу жайлы да айтылды. Қазір өмірлік қиын жағдайдағы жанұяларды автоматты түрде анықтап, мемлекеттік төлем тағайындауға мүмкіндік беретін жоба пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– SMS-хабарлама келеді. Келісім берген жағдайда тиісті жәрдемақы немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Ол үшін азаматтар телефон нөмірлерін базада тіркеу қажет. Ол ХҚКО-да жасалады.

Бүгінгі күнге дейін Отбасының цифрлық картасына 16 мыңнан астам теріскейліктің деректері енгізіліпті.

Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Қоғам дертіне айналған интернетпен күрес
Еңбек адамының құқығын қорғайтын тағы бір орталық ашылды
Көмір алдыңыз ба?
Қалада көмір қоры жеткілікті
Ұлағатты ұстаздар марапатталды
Шалақындық кәсіпкер жұмысшыларына үй салып беріп жатыр
Вагулино ауылын дамытуға қыруар қаражат бағытталуда
Қиялы ауылдық округіне жаңа әкім сайланды
Бұқараның базынасы тыңдалды
“Есіл су” филиалында еңбек еткен ардагерлерге құрмет
Жолдау жүктеген тапсырмаларды іске асыру
Солтүстікқазақстандықтар биыл 65,3 млрд теңгеге ипотекалық несие алған