Мәдениет

Петропавлда тіл мұғалімдері арасында ғылыми-практикалық конференция өтті

Ахмет Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінде Қазақстан халқы тілдері күніне арналған іс-шаралар легі бастау алды. Алғашысы – Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған тіл мамандарының конференциясы. Жиында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналып бас қосқан ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, білімдерімен бөліседі.

РОЗА СӘРКЕН – Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:
– Конференцияға қазақ, орыс, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдер жиналып отыр. Шарада мамандар оқушыларға тілді қалай жеңіл, тез әрі қызықты етіп үйрету бойынша бар білгендерін ортаға салады. Негізі, Тілдер күні аясындағы айлық жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Алайда, биылғысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған, сонысымен ерекшеленеді.

Корнеевка орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Ақмарал Жақыпова әріптестеріне арнап шеберлік сағатын ұйымдастырды. Ұлағатты жан Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы – мәтін лингвистикасы туралы авторлық жоба дайындаған. Төл туынды балалардың қазақ тілінде сөйлеуге деген ниетін оятып, сөздік қорын дамытуға бағытталған екен.

АҚМАРАЛ ЖАҚЫПОВА – Корнеевка орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
– Мен орыстілді мектепте жұмыс істеймін. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін қызықты қылып оқыту керек. Мәтін лингвистикасы – соңғы 60-шы жылдары пайда болған ғылым саласы. Магистратурада оқыған кезде мәтін лингвистикасы бойынша көп білім алдым. Соны енді өзім зерделеу үстіндемін. Бастапқыда авторлық бағдарлама орта және жоғары сынып оқушыларына оқытылатын болады.

Ақмарал Жақыпованың педагогика саласында әзірлеген барлығы – 4 авторлық бағдарламасы бар. Мысалы, ұстаз «Ұлттық педагогика» аттысында ұлттық ойын элементтерін жаңалап, қазақ тілін оқытуда қолданады екен.

АҚМАРАЛ ЖАҚЫПОВА – Корнеевка орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
– Мысалы, «Малақай ұрып алу». Бұрын ұзын сырғауылдың басына малақайды байлап, ішіне түрлі заттарды салатын. Бала көзін байлап, қамшымен ұрып алуы керек. Ал қазіргі технология бойынша шардың ішінде тапсырмалар жазылған стикерлерді салады. Шарды жарып, тапсырмаларды орындау керек.

Ақмарал Жақыпованың сөзінше, қолға алынған жаңа әдіс-тәсілдер арқылы ұл-қыздардың қазақ тілін меңгеруге деген талпынастары артып келеді. Өзі еңбек ететін мектепте өзге ұлт өкілдерінің кейбірі күнделікті өмірде қолданатын сөз тіркестерін емін-еркін қолдана береді.

Алтынай Казиканова