Билік

Партия активі Жолдауды талқылады

Бүгін облыстық кітапханада дөңгелек үстел жиыны өтті. Оның барысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының активі Президент Жолдауын талқылап, өз ойларымен бөлісті. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин құжаттағы экономика жөніндегі өзгерістерді мұқият қарап, талдап шығуға тиіспіз дейді.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ең төменгі деңгейдегі зейнетақының, одан кейінгі жалпы зейнетақының көтеріліп, осы мәселе жайлы үлкен өзгерістер болатынына қуаныштымыз. Балабақшадағы тәрбиешілердің, мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі. Экономика жөніндегі өзгерістерді мұқият қарап, талдап шығуға тиіспіз. Өйткені, Әділетті Қазақстан болу үшін әрбір салық жүйесінің өзгеруінде үлкен мән жатыр.

Айта кетейік, Ел Президенті өз сөзінде салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн деді.
Жангелді Уақпанұлының айтуынша айтулы өзгерістердің бірі сайлау жүйесіне қатысты.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Осыған дейін Президент сайлауы, мәслихаттардың сайлауы күтпеген жерден болатын. Жария етілмейтін. Бұл Жолдаудың жаңалығы – сайлаулардың барлығын ерте жария етіп, бәсекелестік деген, саяси партияларды, адамдардың қатысуымен болатыны. Саяси партиялар құрылып, соған сайлауға қатысу туралы, уақыты болатынына сенімдіміз.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, Жолдау халықтың барлық тобын – еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін қамтиды.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:
– Бала тууға байланысты аналардың декреттік демалысының ұзаруы, зейнетақының өсуі, әйелдер үшін зейнетақы жасының төмендеуі, білім саласындағы бірқатар өзгерістер сияқты әрбір қазақстандықтың мәселелерін көтеріп отыр. Бұл мәселелердің көпшілігі біздің “Аманат” партиясының мобильдік қабылдау бөлмелерінде көптен көтерілетін.

Әділетті Қазақстан құру жолына бағыттайтын Жолдау партияға айрықша жауапкершілік пен зор міндеттер жүктейді. Әсем Рахметованың айтуынша, Жолдауда көтерілген жайттар партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. Сондықтан, аманаттықтар Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуын бақылап, оны іске асыруға өз үлесін қосуға әзір.

Самал Жунусова