Мәдениет

Мамлют ауданында қос мерейтой тойланды

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
-Мамлют ауданында мерейтойлар жалғасуда. Биыл ауданға – 90 жыл. Ал қазір біз тұрған Покровка ауылының құрылғанына – 111 жыл. Айтулы датаны атап өту үшін сенбінің таңында аймақ тұрғындары ауыл шетіне жиылды.

Дүбірлі думан елді мекенде осыдан 2-3 ай бұрын құрылған этноауылда өз бастауын алды. Қазір қазанда палау әзірленіп, самаурында шай қайнатылуда. Думанға осы жердің үлкені мен кішісі тайлы-тұяғымен келген. Зәкір Мұхамметқұлов Покровкада 20 жылғы жуық уақыт бойы түтін түтетуде. Осы уақыт ішінде ауылда бірде-бір ағайынның арасында еш араздық болмаған, барлығы тату тәтті өмір сүреді,- дейді ел ағасы.

ЗӘКІР МҰХАММЕТҚҰЛОВ, Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы
– Осы 18 жылдың ішінде ағайынмен бауыр болып кеттік. Ауыл тұрғындарының сыйластығы жақсы. Жастарымыз үлкендердің айтқанын екі етпейді. Басқа елді мекен тұрғындары бізге қызыға қарайды. Ауылымыз дамып жатыр. Мұнда келгендердің барлығы мал шаруашылығын қолға алып, өз күндерін көруде. Жағдайымыз жақсы.

Дүбірлі думан шығынын ауылдағы ағайын өзі көтеріп жатыр. Тапқаны тойға бұйырған ауыл тұрғындары бүгін көкпар ұйымдастыруға да ниеттеніп отыр. Ол үшін алыс-жақын аудандардан ат терлетіп палуандар келген. Мерейтойлық астан кейін қалың қауым алаңға жиылды. Ортаға серке тастала сала тақымы тастай жігіттер жан алысып, жан берісуге кірісті.

Қазақтың салт-дәстүрі не болады? Қазақтың жігіттері аттан түссе. Көп жылдан бері өңірімізде ұмыт қалған ұлттық спортымыз қайта жаңғыруда. Бұл әрине көңілге қуаныш сыйлайды. Покровкадағы той барысында да жігіттер құлашын кеңге жайды. Мұнда әр салым үшін оларға 20 мың теңге көлемінде марапат берілмек. Ат жалын тартып мінген жігіттердің арасында Нұржайық Иманжановтың өнері көпшілікті тәнті етті. Ағамыздың жасы 46-да. Сөйте тұра ол жастармен иық тірестіріп, Тасқын атына қамшы салдырмай, айлаға ешбір алдырмай жүр.

НҰРЖАЙЫҚ ИМАНЖАНОВ, көкпаршы, Жамбыл ауданы:
– Кішкентай кезімнен атта шаптым. Аударыспақта сынға түстім. Енді көкпарға бет бұрдым. Анда-санда бәйгеге де ат қосамын. Өзімнің 4-5 атым бар. Той тойға ұлассын. Әзірге бір салым салдым. Екіншісі болмады. Жасым келсе де көңілім әлі жас.

Әлібек Дәулетов бұл додада үш мәрте салымды болды. Азамат Покровкадағы қуанышқа Ғ.Мүсірепов ауданынан ат терлетіп келген.

ӘЛІБЕК ДӘУЛЕТОВ, көкпаршы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бір жыл бұрын Новоишимкада көкпардан команда жиналды. Осылай ақырын-ақырын қазағымыздың ұлтық спортын дамытуға өз үлесімізді қосармыз. Атым – 9 жасар Шымкенттен келген айғыр. Лақап аты – Тайсон. Өзім баптаймын. Покровкаға кеше келдім. Атымды демалдырып бүгін көкпарға шықтым.

Алаштың жігіттері атқа қонса әрбір қазақтың делебезі қозатыны анық. Покровкадағы сайысты да ағайын тамсана тамашалауда.


– Покровка ауылында осындай көкпар өткізіліп жатқанына қуаныштымыз. Өзім Мамлют қаласынан келдім.
– Ата-бабамыз қалдырып кеткен ұлттық спорт жаңғыртылып жатқаны қуантады. Бұйырса қазақ болып бірігіп, көкпарға көлік тігер күнге жетейік.
– Қазақтың көкпары ұмытылмасын! Көкпарлар көп болсын! Қазақтың жігіттері мықты болсын!


Алдияр Айтпаев