Қайырымдылық

Қостанайға гуманитарлық көмек жіберілді

Қостанайлық ағайынға гуманитарлық көмек көрсету үшін жексенбі күні өңірде 14 жедел штаб құрылды. Пункттер таңғы сағат 8-ден азық-түлік пен киім-кешек қабылдай бастады. Көршілес облыстағы ағайынға қол ұшын беруге қоғам белсенділері, жергілікті кәсіпкерлер мен жаны жайсаң жақсылар асықты.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Қостанай облысындағы жағдайға солтүстікқазақстандықтар бейжай қарай алмады. Өңір құтқарушылары лезде көмекке аттанды, ал жаны жайсаң жандар қазір қаламыздың бірнеше ауданында көршілес өңірге жәрдем ретінде азық-түлік дайындауда. Бірер сәттен кейін бірнеше жүк көлігі тілсіз жау бас көтерген ауданға жіберілмек.

Қазір “Радуга” серіктестігінің қоймасынан күнбағыс майы жүк көлігіне тиеліп жатыр. Өндіріс орнының басшылығы көршілес облыстағы жағдайды көргеннен кейін қолдан келген көмекті көрсетуге ниет білдірген.

ДӘУРЕН ҚАТРАНОВ, “Радуга” ЖШС бас директорының орынбасары
– Отандастарымызға “Радуга” серіктестігінен көмек ретінде 6 мың литр күнбағыс майы бөлініп отыр. Алдағы уақытта қажеттілік туындаған жайдайда жәрдем беруге әзірміз. Жалпы, біз қиын жағдайға тап болған жандарға көмектесуге қашанда дайынбыз.

Игі істен “DEZ” серіктестігі де шет қалмады. Қостанайлықтарға көмек ретінде аталған өндіріс орны 15 тонна жоғары сұрыпты ұн бөлген.

ЗЕКАЙ ТАНРИКУЛУ, “DEZ” ЖШС директоры
– Қиындықтардан Алла халқымызды сақтасын. Бұндай проблемалар кімге болмасын ауыр тиеді. Жаңалықтар көріп отырып жүрегіміз ауырды.

Кейіннен жүк көлігіне “Рахат” серіктестігінен макарон, қарақұмық пен өзге де бүлінбейтін өнімдер тиелді. Жалпы, Қостанайға көмек беру бастамасын өңір кәсіпкерлері қос қолдап қолдаған. Әркім өзі өндіретін өнімді үлкен көлемде игі іске бағыттаған екен.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, “АМАНАТ” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы
– Біздің облыстан 40 тонна өнім Әулиекөл ауданына жөнелтіледі. Оның ішінде 15 тонна ұн, 1,5 тоннадай сұйықмай бар. Қарақұмық, макарон да көп көлемде жіберілмек. Таза ауызсу бар. Қазіргі уақытта киетін жылы киімдер де ағайынға жеткізілмек. 2-05 Бүгінгі таңда аса қажетті деген тауарларды жіберіп жатырмыз.

Тұрмыстық тауарлар мен азық-түлік тиелген 4 жүк Қостанай облысына кешкі сағат 22:00-де бет алды. Айта кетейік, штабтар өз жұмысын жалғастырады. Яғни, игі іске солтүстікқазақстандықтар әлі де ат салысып, отандастарымызға жәрдем бере алады.

Алдияр Айтпаев