ҚоғамӘр түрлі

ҚР ҰҰ академиясының 175 курсанты әскери ант берді

Арқасын тіктеп, сап түзеген 175 курсанттың жүздерінен қуаныш пен қобалжу сезімдері қатар байқалады. Бұл – орынды, әрине. Өйткені, академияға түскен жас сарбаздар көпшіліктің алдында Отанға адал қызмет етіп, ел қорғауға салтанатты түрде ант бергелі тұр.

Ант қабылданды, қол қойылды. Енді азаматтар 4 жыл бойы әскери істің қыр-сырын меңгеріп, Отанға қызмет етуге дағдыланады. Болашақ офицер Ризат Мұратов бұл күнді көптен күткенін, ант қабылдау барысында ерекше толқығанын жасырмады.

Ризат Мұратов – ҚР ҰҰ академиясының курсанты:
– Мен бала кезімнен бері әскери қызметшілерге қызығатынмын. Енді бүгін арманыма бір қадам жақындадым.

Ал Бекжан Алтынбаевтың осы саланы таңдауына әскери қызметкер ағасы септігін тигізген екен. Нұр-Сұлтан қаласынан келген 18 жастағы жігіт оқуға түсу үшін нақты 2 жыл көлемінде дайындалып, шыныққан.

Бекжан Алтынбаев – ҚР ҰҰ академиясының курсанты
– Өзімнің қатарластарым, 1-курс курсанттарына бастысы зор денсаулық тілегім келеді. Еңсемізді әрдайым тік ұстап, таңдауымызға адал болып, Отанымызды лайықты түрде қорғап, қызмет етейік. Ант қабылдау үстінде жазылған әр сөзге мән беріп, Қазақстан Республикасына қызмет ету асқан жауапкершілікті талап ететінін тағы бір мәрте ұқтым. Алдағы уақытта жүктелген сенімді ақтап, талмай еңбек етуге тырысамын.

Болашақ офицерлерді салтанатты шарамен құттықтауға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналған. Жасы 80-нен асқан Базарбек Найкин немересінің ант беру сәтінің куәсі болу үшін Сергеевкадан келіп отыр.

Базарбек Найкин – Шал ақын ауданының тұрғыны
– Бақытты болсын, сабағын жақсы оқысын деп тілеймін. Немерем каратэмен айналысады. Отанымызды қорғап, адал қызмет етсін.

Салтанатты шараның соңына қарай жұртшылықтың алдында құрметті қарауыл ротасы өнер көрсетіп, қошеметке бөленді.

2-курс курсанттарынан құрылған барабаншылар тобы да шет қалмай, келушілердің көңілін бір серпілтті.

Алтынай Казиканова