МТРА жаңалықтары

Достық үйінде Президент Жолдауы талқыланды

Қаламыздағы Достық үйінде Президент Жолдауы талқыланды. Басқосуға әртүрлі саланың тұтқасын ұстаған жандар қатысты. Өзімізге жақсы мәлім, соңғы бірнеше айда елімізде азық-түліктің бағасы күрт артты. Бұрын ағайын 10 мың теңгеге арбаларын толтырса, қазір сауда орындарында себет ұстайды. Бұл жағдайдан Қасым-Жомарт Тоқаев хабардар. Өткен аптадағы Жолдауында бөлек тоқталып та өтті. Алдағы уақытта салықтық және бюжеттік кодекстерге өзгеріс енгізілмек. Бұл баға саясатына ықпал етуі ықтимал.

Зәуре Қартова, Қозыбаев университетінің “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры:
– Мемлекет осы күнге дейін әлеуметтік азық-түліктің бағасын ұстап келді. Енді бағаны орта бизнес өздігімен қоймақ. Бұған рұқсат беріліп отыр. Бұл нарықтағы жағдайдың бейімделуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.

Білім, денсаулық, қауіпсіздік. Жиынның басында осы салалар әңгіме арқауы болды. Қатысушылар болашақта қабылданатын әлеуметтік жәрдем жайлы да айтты. Қозыбаев университетіне қарасты “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Зәуре Қартова бұл бағыттағы өзгерістерге дән риза. Белсенді жерлесіміз енді кембағал жандарға ерекше көңіл аударылса дейді.

Зәуре Қартова, Қозыбаев университетінің “Рухани жаңғыру” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының директоры:
– Мүгедектерге ерекше статус беру қажет деп санаймын. Өкінішке қарай, елімізде мүгедектердің саны артуда. Олардың арасында жастар да бар. Сондықтан, бұл салада қосымша шаралар қолға алынуы керек.

Достық үйіндегі жиында елдегі тұрақталық, қауіпсіздік туралы да айтылды. Қатысушылар шара соңында Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін бірлігіміз бекем болсын деп тарасты.

Байболат Култанов