МТРА жаңалықтары

Жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды

Бүгінде «Севказэнрего» АҚ-ның мамандары көктемде жартылай опырылып түскен мұржаны бөлшектеп, бұзып жатыр. Шаруаға өзге өңірлерден 10 мердігер ұйым жұмылдырылған. Барлығы – 375 адам еңбек етуде. Жұмысшылар күн сайын жылу электр орталығындағы жарамсыз мұржаның 1 метрін ыдыратады. 60 метрдің бірінші жартысы қолдың күшімен, екіншісі жартысы техниканың көмегімен бұзылады. Сосын ғана жаңа нысанның іргетасы қаланады. Монополист компанияның басшысы Олег Перфиловтың сөзінше, биылғы жылыту маусымы уақытында бастау алады. Тұрғындарды жылумен қамту мақсатында 11 қазандық іске қосылады.

ОЛЕГ ПЕРФИЛОВ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ
–  Қазандықтардың барлығы бүгінгі күні жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мақсатқа 13 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазан айының ортасында жаңа мұржаның құрылысын бастаймыз. Бұл мақсатқа 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді деп жоспарланған. Жаңа жылыту маусымында, әзірге, 2 мұржа жұмыс істейді. Бұл тұрғындарды жылумен 100 пайыз қамтамасыз етуге жеткілікті.

Алайда, қоғамдық кеңес мүшелелері монополист компанияның басшысы Олег Перфиловтың сөзіне күмәнмен қарап отыр. Себебі, өткен қыста жылу агрегаттарының бірнеше рет істен шыққаны белгілі.


Дана Ешкенова