МТРА жаңалықтары

Арнайы репортаж 30.08.2022

 

Петропавлдықтар Конституция күнін атап өтті

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– Бүгін – тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Конституция күні. Биыл Ата заңымызға 27 жыл толды. Айтулы датаны тойлау үшін қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға жиылуда. Мұнда солтүстікқазақстандықтар үшін мерекелі концерт ұйымдастырылып, түрлі іс-шаралар өтпек.

Орталық алаңда мерекелік атмосфера. Әншілер ән шырқап, мың бұралған бишілер билеп жатыр. Жергілікті өнерпаздардың айтулы күнге
дайындаған тартуларын қалың көпшілік қызыға тамашалап тұр.

БЛИЦ:
– ҚР Конституциясы күнімен құттықтаймын! Зор денсаулық, аспанымыз ашық болсын! 33 Бәрі де жақсы өтіп жатыр.
 – Конституция – ең алдымен тәртіп. Біртұтас ел болғаннан кейін түрлі ұлт өкілі тұрады. Барлығымызды бір ту астында ұстап тұрған осы – Конституциямыздағы заңдар. Мереке құтты болсын!

Иә, Ата заң – алтын тұғырымыз! Оның мән-маңызын отандастарымыз жақсы біледі. Мұны қазақстандықтар маусымның 5-і күні өткен республикалық референдумда тағы бір мәрте дәлелденді. Орталық алаңда жас суретшілерді де кездестіруге болады. Қылқалам шеберлері көпшілік алдында сурет салып жатыр. Талантты ұл-қыздардың басым көпшілігі көк туымызды, ашық аспанды қағаз бетіне түсіруде.

РАЙЫМБЕК ИГІБЕРГЕНОВ, қала тұрғыны
–  Бәйтеректі, Ата заңымыз жазылған қызыл кітапті салдым. Заңға әрбір қазақстандық бағынуы тиіс. Сонда елімізде тыныштық, тұрақтылық болады. Енді көк туымызды бейнелемекпін.

Алаңда жәрмеңке де қанат жайған. Жергілікті омарташылар өздерінің дәмді әрі денсаулыққа пайдалы балдарын, ал бағбандар жемістерін ұсынып отыр. Елена Антонова 10 жылдан бері жүзім өсірумен айналысады. Нәзікжандының өнімі бүгін зор сұранысқа ие.

ЕЛЕНА АНТОНОВА, қала тұрғыны
– Жүзім – аса күтімді қажет ететін жеміс. Салқында бүлініп кетпес үшін оны арнайы материалмен жауып, сабақтарын уақытында кесіп отыру қажет. Негізі, өзіміз үшін өсіреміз. Артылғанын сатамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге өнімнің 2 сортын алып келдік. Тұрғындар қалауларына қарай сүйекті және сүйексіз жүзімді сатып ала алады.

Айтулы мереке Достық үйі маңында да тойлануда. Мұнда облысымыздың бірнеше ауданынан келген этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін көрсетіп, ән шырқауда. Байқаудың өзіндік шарты бар. Әр ұлт рухани құндылықтарын паш етуі тиіс. Шара соңында үздіктер марапатталмақ.

Алдияр Айтпаев

Полиция қызметкерлері мерекені атап өтті

Облыстық полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай жиын өтті. Іс-шарада 17 тәртіп сақшысы, ардагерлер мен қоғам өкілдері марапатталды. Салтанатты басқосудың шымылдығын ведомство бастығы Айдын Қабдұлдинов ашты. Ол жиналғандарды мерекемен құттықтап, ағымдағы жылы елімізде орын алған тарихи оқиғаны тілге тиек етті.

Айдын Қабдұлдинов, СҚО ПД бастығы:
–  Біз, полиция қызметкерлері тәртіпті қадағалаймыз, азаматтардың құқығы мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғаймыз. Биылғы жыл еліміздің Ата заңы үшін маңызды жыл болды. 5 маусымда жалпыұлттық референдум өтті. Онда қазақстандықтардың басым бөлігі ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдап, дауыс берді.

Арнаулы атақтар, медалдар, төсбелгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар. Залға жиналған жерлестерімізге осындай марапаттар табыс етілді. Қошеметке бөленгендердің бірі – Әсемгүл Әлібаева. Бүгінде темірдей тәртіпке әбден бой үйреткен шенді салада 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Бастапқы кезеңде азаматша анықтаушы болып еңбек етіпті. Қазір жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы лауазымын атқарады. Ата заңымыздың 27 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында полиция капитанына Ішкі істер министрінің Алғыс хаты табысталды.

Әсемгүл Әлібаева, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
–  Қазақстандықтарды ҚР Конституциясы күнімен құттықтаймын. Мереке қарсаңында жетістіктерім үшін алғыс хат алдым. Өте қуаныштымын. Өз атымнан барлық әріптестерімді Конституция күнімен құттықтап, отбасыларына бақыт, қызметте сәттілік тілеймін.

«Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен облыстық ПД жанындағы Косультативтік-кеңесші органның мүшелері Арман Бердіғұлов, Бахытжан Сәмиева, Александр Казанцев пен Павел Афанасьев марапатталды. Ал Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар Бейсенбай Кимикпаев, Анатолий Слипецкий және Руслан Салькаев сынды ішкі істер органдарының ардагерлеріне табыс етілді. Шара соңында ведомствоның мәдени орталығы өкілдері өнер көрсетіп, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.


Байболат Култанов

Мереке күні Аққайың ауданында балабақша ашылды

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
–  Бүгін Аққайың ауданындағы Полтавка ауылында үлкен мереке. Биыл елді мекенде жаңа балабақша бой көтерді. Оның ашылу салтанаты Конституция күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Балабақшаның ашылу салтанатына Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев қатысып, қуанышты ата-аналар мен балғындарды қос мерекемен құттықтады.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Бүгінгі Конституция күнімен құттықтаймын! 01,04, Тәуелсіздігіміздің арқасында ауданымыз тағы бір балабақшамен толықты. Халық жұмыспен қамтылып, өсіп келе жатқан балаларымыз дұрыс тәрбие алуда. Баршаңызды жобаның сәтті жүзеге асуымен шын жүректен құттықтаймын!

Нысанды жергілікті «Полтавское» серіктестігі тұрғызды. Агроқұрылым басшылығы жобаға 340 млн теңге қаржы бөліпті. Мердігер -«Игілік – group construction» компаниясы. Аталған ұйым құрылысты осы жылдың наурыз айында бастаған екен. Су жаңа мектепке дейінді білім беру мекемесінде 40 бүлдіршін тәлім алмақ.

ЕЛТАЙ ЗИКИРИН, «Полтавское» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Биыл балабақша ашуға мүмкіндігіміз болды. Уақытты көпке созбай іске кірістік. Маңызды шаруаның басы-қасында жас құрылысшы Талғат Әубәкіров жүрді. Ол өзінің жастығына қарамастан жұмысты сапалы жүргізіп, нысанды уақытында тапсырды. Құрылыс материалдарының бір бөлігін Ресейден жеткіздік.

Ғимараттың жалпы ауданы – 842 шаршы метр. Кең асхана, спорт және акт залдары, балалар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер. Мұнда балғындар 2 топта тәрбиеленбек. Бүгінгі күнге дейін 30 бүлдіршін қабылданыпты. Ауылдағы су жаңа нысанның өзіндік ерекшелігі бар. Ғимараттың едені өздігінен жылытылады. Балабақшада 11 адам жұмыс істейтін болады. Олардың барлығы – елді мекен тұрғындары.

ЕРЛАН ЗИКИРИН, “Полтавское” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы
–  Мектепте 3 пен 5 жас аралығындағы балаларды қабылдайтын 20 орындық шағын орталық болды. Ауылда күннен-күнге адам саны артуда. Сондықтан, Полтавкада балабақша ашуды жөн көрдік. Қазіргі таңда елді мекенде үйлердің де құрылысы жүріп жатыр.

Ашылу салтанатынан кейін ата-аналар мен балаларға экскурсия ұйымдастырылды. Жүздері бал-бұл жайнаған үлкендердің арасында Залиха Ибраева есімді ауыл тұрғыны жүр. Зейнеткердің немересі енді осы балабақшаға келмек. Үйлері жаңа нысанның жанында екен.

ЗАЛИХА ИБРАЕВА, Полтавка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Нысан бізге өте ұнады, іші өте әдемі. Немерем осында оқып, білім алып, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, бүгін – Конституция күні. Осы мерекемен барлығын құттықтаймын!

Шара концертпен жалғасын тапты. Қос мерекеге жиналған ағайынға аққайыңдық өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.


Самал Жунусова