МТРА жаңалықтары

Сергей Худяков Президент қабылдауында болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелерін қабылдады. Ақордаға шақырту алғандардың бірі – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» жекеше мекемесінің директоры Сергей Худяков. Екеуара өткен кездесуде тұрғын үй саясаты мен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесі қаралыпты.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, СҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Бірқатар ұсыныс білдірдім. Олардың барлығы қазіргі таңда өзекті. Бірақ, мен өз ойымды толықтай жеткізе алмадым деп санаймын. Бұл жайлы Президентке де айттым. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде қаузалмаған ұсыныстарды электронды түрде жолдауды сұрады. Қазір осы жұмыспен айналысып жатырмын. Мәселе өте күрделі. Сондықтан, ойымды жан-жақты қамтығым келеді.

Президентке жолданатын ұсыныстардың кейбірімен Сергей Худяков бөлісе кетті. Азаматтың айтуынша, қазіргі таңда үйлерге төрағалық етуге ниетті жандар жоқтың қасы. Оның үстіне, бүгінде Қазақстанда белгілі бір үйге сол үйде тұратын адам ғана төраға бола алады екен. Осының салдарынан тұрғын жайларға тиісті көңіл бөлінбейді. “Бұл мәселенің алдын алу үшін өзге азаматтарды тарту қажет”,- дейді белсенді жерлесіміз.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, СҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Мемлекет басшысымен бетпе-бет отырып, өз ұсыныстарымды жеткіздім. Осы үшін өзімді мақтан тұтамын. Алдағы уақытта ұсыныстарым қаралады деген ойдамын. Еліміздің тұрғын үй саласындағы мәселелер шешімін табуы тиіс.

Сондай-ақ Сергей Худяков Президентпен тілдесу барысында қоғамдық бірлікті нығайту жөнінде көзқарасын білдіріпті.


Гульден Симбаева