МТРА жаңалықтары

Әділ әскери қызметкер марапатталды

ҚР Ұлттық ұланына қарасты 6637 әскери бөлімінің қатардағы бақылаушы маманы Павел Рейль көпке үлгі боларлықтай іс жасады. ЕС-164/3 түзету мекемесіндегі кезекшілік кезінде ер адамға жазасын өтеуші өтініш жасапты. Ол ақшалай сыйақы үшін бостандықтағы танысынан есірткі заты мен ұялы телефон әкеліп беруді сұраған. Сырттағы күдіктіні құрықтау үшін бұған жерлесіміз келісіпті. Артынша болған жайтты басшылыққа баяндаған. Тыйым салынған дүниелерді беру кезінде темір тордың ар жағындағы адамның сыбайласы ұсталды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Бүгін әділ әскери қызметкер құрметке бөленді. Ол Петропавл гарнизоны әскери прокурорының алғыс хатымен марапатталды. Жақын арада қылмыстың алдын алған Павел Рейльге 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы да табыс етілмек.

ПАВЕЛ РЕЙЛЬ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің бақылаушы маманы:
– Мұндай жағдайға тап болған кез-келген қызметкер осылай жасар еді. Мен бұны ерлік деп ойламаймын. Бұл – менің міндетім. Әрі қарай да адал еңбек етемін және бүгінгі марапатқа алғысымды білдіремін.