МТРА жаңалықтары

Юрий Ильин құрылыс нысандарында болды

 

Түстен кейін министр Юрий Ильин облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті. Жиында өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов баяндама жасады. Ол өз сөзінде статистиканы тілге тиек етті және оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмысты жіпке тізді. Ал ведомство басшысы қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша қолға алынған бастамаларға тоқталды.

Шара марапаттау рәсімен аяқталды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бірқатар жерлесімізге түрлі дәрежеде марапат табыс етті. Пестрое көлінің жағасында жедел-құтқару жасағының кешені салынып жатыр. Тілдесу барысында ведомство басшысына қосынның аса қажет екені айтылды.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:
– Жаздыгүні Пестрое көлінің жағасында көп адам демалады. Биыл біраз демалушыны құтқардық. Олардың арасында балалар да бар. Осы себепті жедел-құтқару жасағына кешен қажет. Болашақта мұнда өрт сөндірушілерді де орналастырғымыз келеді.

ЕРЛАН ДАВЛЕТОВ, «DAB LTD» ЖШС директоры:
–  Кешеннің құрылысын өткен жылы бастадық. Биыл материалдың бағасы біршама жоғарылады. Соның салдарынан нысанды ертерек тапсыра алмай отырмыз. Жоспар бойынша кешен ағымдағы жылдың соңында ашылады.

Ал, бұл – “Береке” ықшам ауданы. Мұнда өрт сөндіру депосы салынып жатыр.

Берекеге өрт сөндіру қосыны керек. Аудан күннен-күнге ұлғайып келеді. Оның үстіне орталықтан алшақтау. Оқиға орнына мамандар жетеміз дегенше уақыт жоғалтады.

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, нысандар салынып жатыр. Бүгін солармен танысып жүрмін. Жасыратыны жоқ, Солтүстік Қазақстан облысына біраз жылдар бойы көңіл бөлінбеді. Мұнда қажеттілік бар. Дамып жатқан қалаға өрт сөндіру бөлімшелері керек.

Сұхбатында Юрий Ильин өңірге арнайы құрал-жабдықтар да аса қажеттігін айтты. Олар алдағы уақытта міндетті түрде жеткізілмек.