МТРА жаңалықтары

Облыстық Тамыз педагогикалық конференциясы өтті

Оқушылар сарайында “Білім берудің басты құндылықтары: патриотизм, білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік” атты облыстық тамыз конференциясы өтті. Жиын шымылдығын облыс әкімі ашты. Құмар Ақсақалов биылғы жылы енгізілетін бірсыпыра жаңашылдықты жіпке тізді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Бүгінгі таңда еңбекке баулудың ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор екені белгілі. Сол себепті жаңа оқу жылында 1-сыныптан бастап «Еңбекке баулу» пәні қайта енгізіледі. Сондай-ақ, биыл мектептерде “Педагог – кәсіби бағдар беруші” пәні оқытылады. Басты мақсат – оқушыларды еңбек етуге шақырып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарға қызығушылықтарын арттыру.

Соңғы 3 жылдың ішінде аймақта 3 ауысымдылықтан арылу үшін 4 мектеп салынды. Қазіргі күні Тайынша ауданында 720 орындық 2 оқу ұясының құрылысы жүріп жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Бұдан бөлек, өңірде 300 орындық түзету мектебі бой көтеруде. Оның 50 орындық жатын корпусы болады. Осының бәрін қоса есептесек,
соңғы 5 жыл ішінде облыста 6 мектеп ашылмақ. Күрделі жөндеу бойынша да ауқымды жұмыстар жалғасуда. 3 жыл ішінде өңірдің 301 білім ұясы қалыпқа келтірілді. Биыл тағы 26 нысан жөнделуде.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Айыртау ауданында жекеменшік колледж ашылмақ. “Зейнеп” деп аталатын білім ұясы IT-технологиялар мен туризм мамандарын даярлайтын болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Қозыбаев университетіндегі жаңа корпустың құрылысы да аяқталуға жақын. Жаңа нысанда 68 зертхана кабинеті жұмыс істемек. Онда
АҚШ-тың, Италияның, Түркияның және Ұлыбританияның білікті оқытушылары лекция оқитын болады.

Тамыз конференциясында облыстың үздік педагогтары «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Мағжан Жұмабаев» төсбелгілерімен
марапатталды. Тағы ұстаздарға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Тағы 2 ұстаз «Солтүстік Қазақстан облысының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды. Құрметке бөленгендердің бірі – Туғаныс Садвокасова. Нәзікжанды 27 жыл оқушыларға физика-математика пәнінен сабақ береді.

 Туғаныс Садвокасова, Салмалкөл қазақ орта мектебінің ұстазы, Айыртау ауданы
– Мұғалімдердің негізгі мақсаты – оқушыларды оқуға жігерлендіру. Сондықтан біз әртүрлі әдістерді қолданамыз.

Ал Айгүл Нәсілова «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісімен марапатталды. Нәзікжанды 30 жылдан артық тәрбиеші болып еңбек етеді.

Айгүл Нәсілова, “Балауса” бөбекжайының меңгерушісі
– Осындай марапатқа ие болып жатқаныма қуаныштымын. Бұл – біздің еңбегіміздің еленгені.

Жалпы, Тамыз кеңесінде 15 педагог құрметке бөленді.


Дана Ешкенова