МТРА жаңалықтары

ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин халықпен кездесу өткізді

Өңірге жұмыс сапарымен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келді. Еліміздің бас құтқарушысы ең алдымен халықпен кездесті. Іс-шара барысында табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алу және жою туралы айтылды. Шендінің сөзінше, биыл қазақстандық құтқарушылар 44 мыңнан астам шақыруға барған. Нәтижесінде 14 мыңнан астам адам құтқарылыпты. 2700-ге жуық отандасымызға алғашқы медициналық көмек көрсетілген екен. Жыл басынан бері аққайыңдар өлкесінде 423 төтенше жағдай тіркеліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға аз. Кездесу барысында шомылу маусымы туралы да қаузалды.

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Өзен-көлдердегі оқыс оқиғаларды азайту мақсатында министрлікпен бірқатар іс-шара өткізілді. Біріншісі, шомылу маусымы басталар алдында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, суға түсуге рұқсат етілген орындар белгіленді. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысы мұндай 58 орын бар. Сонымен қатар, құтқарушыларды дайындау және балаларды жүзуге үйрету шаралары да ұйымдастырылды. Мысалы, биыл құтқару станцияларында 150-ге жуық адам оқу-жаттығудан өтіп, 9 мыңға жуық ұл-қыз бассейндерде жүзіп үйренді.

Облыста дала және орман өрттерінің алдын алу бойынша да жоспар бекітілген. Тілсіз жауды сөндіру үшін 40-тан астам мобильді топ құрылыпты. Орман алқаптарында бейнебақылау камералары да орнатылған. Оған қоса 410 ерікті құрам мен 600-ден астам техника жұмыс істеуде. Қысқасын айтсақ, министрлік ауқымды шаруаның басын қайырған. “Өз кезектерінде азаматтар аса мұқият болу қажет”,- дейді Юрий Ильин.

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
–  Азаматтар газ-баллондық жабдықты пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Салдарынан түрлі оқыс оқиғалар орын алады. Бұған Ақмола облысындағы қайғылы жағдай дәлел. Біреу білсе, біреу білмес, көршілес өңірде адамдар газ баллонын пештің жанына қойған. Көп ұзамай жарылыс болған. Өкінішке қарай, 5 отандасымыз қаза тапты.

Ыстан улануды болдырмау үшін облыстағы тұрғын үйлерге 1200-ден астам датчик орнатылыпты. Оларды әкімдік өкілдері бақылап отырады.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде төтенше жағдайлар саны – 4,7, ал өңірімізде 12 пайызға төмендеген. Кездесу соңында Юрий Ильин тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Жиыннан кейін министр азаматтарды жеке қабылдау өткізді.


Самал Жунусова