МТРА жаңалықтары

Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді

 

Биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде Қазақстанда 23,4 млн гектар жерге тұқым себілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,8 млн гектарға көп. Бүгінгі күнге дейін 2,2 млн гектардағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, 3,3 млн тонна ырыздық бастырылыпты. Орташа өнімділік 14,6 центнерді құрайды. Кеше елордада Үкімет отырысы өтті. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев астық түсіміне қатысты жасалған болжаммен бөлісті. Атқамінердің сөзінше, осы маусымда республикада көл-көсір өнім жиналады. Қамбаға құйылған алтын дән ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге де, экспорттауға да жетеді. Алқалы жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та баяндама жасап, өңірде орақ науқаны жүріп жатқанын мәлімдеді.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
–  Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес дәнді дақылдардың жалпы жиналымының болжамды көлемі 18,3 млн тонна болады, оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан асады деп күтілуде. Бұдан басқа, республикада 3,1 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы, оның ішінде 2,5 млн тонна бидай бар. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа шығарып, тиісінше дәстүрлі нарықтарымыздағы сауда позицияларымызды сақтау үшін жеткілікті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Астық сақтау қоймалары дайын тұр. Олардың көлемі өңірдің қажеттілігін толығымен жабады. Форвардтық сатып алу бойынша 29,5 млрд теңгеге 106 өтінім берілді. Жанар-жағармай бойынша проблема жоқ. Қолайлы ауа райы болса егін жинау науқаны оңтайлы мерзімді жүргізілмек.


Байболат Култанов