МТРА жаңалықтары

«Болашақ» бағдарламасының түлегі

 

«Болашақ» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылы пайда болды. Мемлекеттік бастама аясында еліміздің жалынды жастары шекара асып, тәлім алды. Араларында солтүстікқазақстандық Қайрат Сансызбаев та бар. Ол жергілікті Қозыбаев университетін тәмамдапты. Кейін білімін толықтыру үшін Ұлыбританияға аттанған екен.

ҚАЙРАТ САНСЫЗБАЕВ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:
–  2012 жылы Ұлыбританиядағы Эксетер қаласына барып, 1 жыл тіл үйрендім. Кейін емтихан тапсырып, сол жердегі университетке “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол жақтың білім беру жүйесі біздікінен өзгеше. Шетелде студенттер өздігінен оқиды. Яғни, сабаққа өткен емес, алдынғы тақырып бойынша өздері дайындалып келеді.

Ең қиыны осы болыпты. Қайрат Сансызбаевтың айтуынша, өздігінен дайындалу, жиған-терген деректі ағылшын тілінде баяндау – үлкен еңбек.
Жастарға мемлекеттен 2 мың долларға жуық шәкіртақы төленген екен. “Бұл ақша артығымен жетті”,- дейді азамат. Елге келгесін жерлесіміз білек сыбана іске кіріскен. Қазіргі таңда ол ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарады.

ҚАЙРАТ САНСЫЗБАЕВ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:
–  2013 жылы біз мемлекеттік сектордағы жобаларды басқаруды оқыдық. Ал осыдан 2 жыл бұрын мемлекеттік қызметте жобалық менеджмент пайда болды. Ұлыбританияда алған білімім бұл бағытта көмегін тигізуде.

«Болашақ» бағдарламасы жалғасын табуда. Биыл аталған жоба аясында 1055 гранд бөлініпті. Оның 500-і бойынша жас ғалымдар шетелдерде тағылымдамадан өтпек.


Самал Жунусова