“KZ” тұрғын үй кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталады

Құрылыс

15:39 23 Тамыз 2022

“KZ” тұрғын үй кешені – қаламыздағы ең ауқымды әрі ерекше жобалардың бірі. Ол салыну тұрғысынан Петропавлдағы бірде-бір ғимаратқа ұқсамайды. Төбесі көк тірейтін нысанның құрылысы өткен жылдың шілдесінде басталды. Бұған дейін шаһардағы “Достық мол” сауда-ойын-сауық орталығын тұрғызған елордалық “Альбе-7” серіктестігінің мамандары қазіргі таңда ең жоғары қабаттарда монолит құйып жатыр. Демек, жақын арада үйдің қабырғасын қалау жұмысы аяқталады.

ЕВГЕНИЙ АБУБАКИРОВ, “Альбе-7” ЖШС бас директоры, Нұр-Сұлтан қаласы
– Нысанда сылау жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, терезе қою, олардың саңлауларын толтыру және инженерлік жүйелер өткізу ісі де бастау алған. Қыркүйек айында жедел сатыны орнатуға кірісеміз. Жуық арада тұрғын үй кешенінің қасбетін жабуды да бастаймыз.

Жауапты іске білек сыбана кіріскен мамандар кесте бойынша келе жатыр. Яғни, кешігу жоқ. Жұмысқа 80-ге тарта жұмысшы тартылған. Олар күн сайын 2-3 ауысыммен еңбек етеді. Құрылыс алаңында негізінен ресейлік материалдар қолданылуда. Жақын арада сонау Үндістаннан тауар жеткізілмек. Онымен ғимараттың қасбеті жабылатын болады. Мұндай бизнес-класс санатына жататын нысанның жобасы осыдан 2,5 жыл бұрын ойластырылыпты.

АЛЕКСАНДР ФОМИН, “ЦОТ” ЖШС директоры
–  Сатып алушыға жайлылық пен қауіпсіздік керек. Мұны біз бірінші кезекте ескердік. 2 қабатты паркинг болады. Одан тікелей үйге көтерілуге жағдай жасалады. Сонымен қатар, автотұрақтың үстінде заманауи балалар алаңқайы болады. Ал төменгі 2 қабат коммерциялық мақсатта жалға беріледі. Жалға алушыларды арнайы талаптар бойынша таңдайтын боламыз.

Терезелері үлкен, төбесі биік, бөлмелері кең. 18 қабаттан тұратын қос нысанның әрқайсысы 77 пәтерден тұрмақ. Қазіргі таңда олардың 80% сатылыпты. Серіктестік басшылығы ғимараттың бір шаршы метрін 400 мың теңгеге бағалап отыр. Жалпы, қаламыздағы “KZ” тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін ақталмақ.


Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

СҚО-да 650 шақырымнан астам жолды жөндеу қажет
Құмар Ақсақалов: мақсат – өңірде 6 мектеп ашу
Спортқа жақын ауыл тұрғындарына арналып футбол алаңы салынды
Мектеп жөнделді
Шал ақын ауданында екі мектеп “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында жөндеу көрді
Пресновкадағы өзгерістер