Солтүстікқазақстандық еріктілер Орталық Азия форумына қатысты

Ерiктiлер

15:30 23 Тамыз 2022

Солтүстікқазақстандық еріктілер Орталық Азия форумына қатысып қайтты. Бурабайда ұйымдастырылған шара 6 елден жиылған 100-ден астам волонтердің басын қосқан. Олардың арасында қалалық жастар ресурстық орталығының өкілі Марина Бородина да болды. Бойжеткенді экология саласы қызықтырады. Ол 3 жылдан бері табиғатты аялап, қоршаған ортаға өз пайдасын тигізуде.

МАРИНА БОРОДИНА, қалалық жастар ресурстық орталығының еріктісі:
– Бурабайдағы форум 3 күнге созылды. Бірінші күнінде өзге облыстардың және көрші мемлекеттердің еріктілерімен таныстық. Тәжірибе алмастық. Ал шараның екінші күнінде “Ашық микрофон” айдары ұйымдастырылды. Онда волонтерлер ортаға шығып, өз ұсыныстарын, жобаларын таныстырды. Жиынның үшінші күнінде Бурабайды араладық. Ерікті ретінде қатысқан алғашқы форумым өзіме қатты ұнады.

Форумға Дамир Абдин де қатысты. Солтүстікқазақстандық ерікті із-түссіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Орталық Азия волонтерлерінің басын қосқан шарада жерлесіміз өз бағыты бойынша біраз тәжірибе жинапты.

ДАМИР АБДИН, “Lider.kz” хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу тобының үйлестірушісі:
– Форумға Қостанай, Алматы, Ақмола, Павлодар облыстарының іздеу топтары қатысты. Айтарлықтай айырмашылықты байқадым. Мәселен, алматылық еріктілерде қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті екен. Ал бізде тапшылық сезіледі. Сосын, өзге аймақтарда волонтерлерді дайындайтын арнайы мектептер бар. Осыдан олардың мәртебесі жоғары екенін ұғынамыз. Егер мұндай мектеп біздің өңірде ашылса, еріктілердің қатары мен мәртебеміз артар еді.

Орталық Азия волонтерлер форумына 15 солтүстікқазақстандық ерікті қатысқан. Іс-шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылыпты.


Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Еріктілердің көмегі