Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекет басшысы облыс әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады

Мемлекет басшысы облыс әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ басшысы өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуын, жылыту маусымына дайындық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде баяндама жасады. Өңір жетекшісі Президентке өлкеде күзгі егін науқаны басталғандығын да айтты. Биыл бидайдың бір гектарынан 16 центнер өнім алу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыста құны 76 миллиард теңге болатын 31 жоба қолға алынған. Биыл кірпіш зауыты мен темір бетон бұйымдары, ірімшік шығаратын сүт зауыты ашылды. Сондай-ақ, облыста 17 сүт фермасы, 3 құс фабрикасы, жылыжай кешені және май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Қағаз өнімдерін шығаратын фабрика мен автоклавты газоблоктар кәсіпорны да жуық арада іске қосылмақ. Жаңа оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде заманауи зертханалармен жабдықталған оқу-зертханалық корпус ашылады. Аймақта құрылыс саласы да қарқын алған. Биыл 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өңірдегі жолдарды жөндеуге ағымдағы маусымда 22 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 663 шақырым жол жөнделмек. Сонымен қатар, 55 ауылда су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аққайыңдар өлкесіндегі атқарылып жатқан шаруаны бағамдағаннан кейін мемлекет басшысы Құмар Ақсақаловқа орақ науқанын жоспарға сай орындауды және облыстағы өзге де жобаларды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өсім қамтамасыз етілді. Дәл осындай өсім жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады. Былтырғы жылмен салыстырғанда жалақы – 22, зейнетақы қорына аударылатын ақша – 25,5, ал салықтың түсуі 36 пайызға өсті. Астық жинау науқаны басталды. Биыл жақсы өнім аламыз деген жоспар бар.


Алдияр Айтпаев