Спорт

Спорт саласында 52 жылдық тәжірибесі бар маман

 

Жілігін шағып, майын ішкен! Бұл теңеу спорт саласының майталманы Марат Шақшақбаевқа қарата айтылғандай. Бір кездері ала допты алақанда ойнатқан азамат 52 жылдан бері шәкірт тәрбилеумен айналысады. Жасы 72-ге келген жерлесіміз бұл істі әлі де жалғастырмақ ниетте.

МАРАТ ШАҚШАҚБАЕВ, СҚО бойынша волейболдан аға жаттықтырушы
–  Бапкерлік қызметті 1972 жылы Петропавлдағы мемлекеттік педагогикалық институттың 4-ші курсында оқып жүрген кезде бастап кеттім. Ал оқуымды бітіргеннен кейін әскерге барып келдім. Содан соң балалар мен жасөспірімдер спор мектебіне жұмысқа тұрдым. Міне, осылай еңбек жолым басталды.

Марат Шақшақбаевтың бапкерлік мансабында ақ пен қара бірге жүрген. Азамат талай қиындықты бастан өткеріпті. Соған қарамастан 80-ші жылдары Қазақстан чемпиондарын дайындап шығарған. Ел құрамасы сапына ойыншылар қосты. Ал 2007-2008-ші жылдары жасөспірімдер құрамасының бас бапкері болды. Талантты жастармен жерлесіміз Иранның Тегеран қаласында өткен Азия чемпионатына қатысты.

МАРАТ ШАҚШАҚБАЕВ, СҚО бойынша волейболдан аға жаттықтырушы
– Сол кезден бастап жаөспірімдер құрамасы 12 дүркін ел чемпионы болды. Қазір жігіттердің біразы бапкерлік қызмет атқарады. Жергілікті баскетбол клубында жаттықтырушы болып жүргендер де бар. Ел спортының дамуына үлес қосып жүрген шәкірттерді тәрбиелегеніме қуанамын.

Қазіргі таңда Марат Шақшақбаев “Жеңіс” спорт мектебінде балаларға волейболдың қыр-сырын үйретуде. Тәлім мен тәрбие беруден жалықпаған ел ағасы 16-шы тамыз күні 72 жасқа толды.


Алдияр Айтпаев