МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданында маңызды жол бөлігі жөнделіп жатыр

 

Мамлют ауданындағы мына су жаңа жол 2 бірдей республикалық трассаны байланыстырады. Олар: “Петропавл-Қостанай” және “Петропавл-Жезқазған”. Сондай-ақ, бұл жолмен Воскресеновка мен Леденево ауылдарының тұрғындары қатынайды. Араға 40 жыл салып теп-тегіс асфальт төселген учаске бұрын адам шошырлық күйде болды. Халыққа жүріп-тұру мұң еді.

 СЕРІК БӘКЕЕВ, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
–  Жұмыс ресайклирование әдісімен жүргізілді. Яғни, бұған дейінгі асфальт үгітілді. Одан кейін жаңадан қиыршық тас төселіп, цемент қосылды. Дұрыстап төселіп, арнайы техникамен тегістегеннен кейін, 5 см асфальт төселді.

Маңызды іспен «Көкшетауавтодор» серіктестігі айналысып жатыр. Мердігер компания қызметкерлері жұмысты өткен жылы бастапты. Енді оларға жоспарланған 23 шақырымның 4 шақырымына асфальт төсеу қалды. Сосын көршілес облыстың мамандары жол бойына белгілер қояды, сызықтар сызады және жиектерді нығайтады.

 СЕРІК БӘКЕЕВ, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
– Жұмыс 3 жылға жоспарланған. Былтыр 96 млн теңге жұмсалды. Биыл да әжептәуір қаржы игерілмек. Жоспар бойынша келесі жылы тағы 240 млн теңге жаратылуы тиіс. Бірақ, ел қазынасынан қажетті қаржы ағымдағы маусымда бөлінсе, шаруа осы жылы аяқталады деп ойлаймыз.

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 949 млн теңге бағытталыпты. Жолдың жөнделген бөлігі сараптамадан өткізілген екен. Ешқандай кемшілік анықталмапты. Леденево ауылының тұрғындары көп күттірген оң өзгеріске дән риза.

СӘУЛЕ ҚАЖЫНОВА, Леденево ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
–  Тұрғындарға аудан орталығы мен облыс орталығына жету қиынның қиыны еді. Енді бұл проблема артта қалды. Жолдың жөнделуі – біз үшін үлкен мереке. Ауылдағы үлкен де, кіші де қуанып жүр. Қуанышымыз ұзағынан болсын!

Сәуле Қажынова Леденево ауылына Тайынша ауданынан көшіп келіпті. Нәзікжанды қоныс аударған елді мекенінің күн санап гүлденіп келе жатқанына разы.


Алдияр Айтпаев