МТРА жаңалықтары

Қала әкімі тұрғындармен кездесті

 

Қала әкімі Руслан Аңбаев пәтер иелері кооперативі, мүлік иелері бірлестігі мен қарапайым серіктестік төрағаларымен кездесу өткізді.

Кезекті кездесуге шаһардың шеткері аудандарында тұратын адамдар келді. Олардың проблемасы шаш етектен. Біразының үйі ешбір басқару формасы кірмейді. Петропавлдықтар бұл мәселені шешуі қажет. Сонда ғана билік тарапынан абаттандыру және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Еркеш Үсенов – Жұмысшы кентінің тұрғыны. Ол Островский мен Париж Коммунасы көшелерінің қилысында орнатылған қоршаудың кесірінен аумақты қамыс басып жатқанын айтады.

ЕРКЕШ ҮСЕНОВ, қала тұрғыны
– Бұрын бұл маңда арық болды. Алайда ол жабылық қалды. Қазір темір жолдан келетін су көшеге ағады. Салдарынан аумақты қамыс басып кетті.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі
– Біз бұл мәселені тексерейік. Қоршау орнатылғанның өзінде суағар болуы тиіс. Бірінші кезекте жердің кімге тиесілі екенін анықтау қажет.

Кездесу барысында Жұмысшы кентінің тұрғындары жаяу жүргіншілер жолының жоқтығына да шағымданды. Олардың сөзінше, №27-ші орта мектептің маңында мүлде тротуар жоқ. Осының салдарынан ата-аналар балаларын білім ұясына жіберуге қорқады екен. Бұл мәселені полиция қызметкерлері бақылауға алмақ. Ал Рустам Жүсіпбеков “Орман” шағын ауданы тұрғындарының атынан келіп, өзекті проблемаларды
алға тартты.

РУСТАМ ЖҮСІПБЕКОВ, қала тұрғыны:
– “Орман” шағын ауданында жөнді жол жоқ. Ал біздің жанымыздағы “Боркиде” тақтайдай тегіс асфальт төселген. Мен бұл мәселе бойынша қалалық әкімдіктегі жауапты бөлімге бірнеше рет жүгіндім. Олардан ылғи “Күрделі жұмыстарға қаржы жоқ” деген жауап алдым. Ақша тек қиыршық тас төсеуге жетеді екен.

“Орман” тұрғындарының мәселесі шешіледі. Бірақ, асфальт қашан төселетіні белгісіз. Шағын аудан тұрғындары жарықтың жоқтығына да
наразы. Руслан Аңбаев бұл проблема алдағы уақытта шешіледі деді. Іске 85 млн теңге қарастырылыпты.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі
– Алдағы уақытта “Орман” шағын ауданындағы 4 көше жарықтандырылмақ. Әрине, бұл аз болуы мүмкін. Бірақ, 2-3 жылда жоспар 100 пайыз орындалады деген ойдамын.

“Орман” тұрғындары қала әкімінен мектеп тұрғызуды да сұрады. Бұл мәселені қалалық әкімдік пен білім басқармасы бірлесе қарастырмақ.


Дана Ешкенова