МТРА жаңалықтары

Университет қабырғасындағы қос мереке

Биыл Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрылғанына – 55 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде облыстың бұл саласында бірталай жұмыс атқарылды. Мәселен, өлкеде “Ботай”, “Қызыл-Оба” мен “Ақ-Ирий” сынды тарихи орындар табылды. Осы маңызды істің басы-қасында белгілі тарихшы, археолог-ғалым Анатолий Плешаков жүр. Атақты жерлесіміз экспедицияны 40 жылдан бері басқарады.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі
– Кішкентай балалардың көбісі қазына табуды армандайды. Мен де солай армандадым. Бүгінде өз мақсатыма жеттім. Қазақстаннан бөлек, Ресейде, Молдава мен Украинада экспедиция жасадым. Біздің жұмыс шыдамдылықты, ізденісті талап етеді. Белгілі бір жетістікке командамен ғана жетуге болады.

Саналы ғұмырын тарих пен археология саласына арнаған Анатолий Плешаковтың туғанына биыл – 70 жыл. Қос мерекеге орай Қозыбаев университетінде «Археология – ғасырлар мен ұрпақтар арқылы өтетін тарих көпірі» атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Шарада ең алдымен жерлесімізді универистет ректоры Ерлан Шуланов құттықтап, Ғылым және жоғары білім министрінің марапатын табыстады.

Бұдан соң шараға жиналған қауым ҚР еңбек сіңірген профессорын туған күнімен құттықтап, еңбектерін жіпке тізді.

Бүгінде жергілікті университет базасында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары ашылған. Соңғы аталған институт директорының орынбасары Талғат Мамиров Анатолий Плешаковты мерейтойымен құттықтау үшін арнайы келіпті.

Талғат Мамиров сый-құрметтің белгісі ретінде тарихи тұлғаның иығына шапан жапты.

ТАЛҒАТ МАМИРОВ, Ә.Марғұлан атындағы археология институты директорының орынбасары:
–  1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмысын бастады. Осыдан кейін Қазақстанның аймақтарын кешенді зерттеу басталды. Бірақ, дәл осы аққайыңдар өлкесінің жетістіктері Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен байланысты. Анатолий Андреевичтің басшылық жұмысына барлығымыз бас ию қажетпіз. Бұл кісінің арқасында тарих парақтарына өзгеріс енгізілді, бізді әлем таныды.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының материалдары Қазақстанның, Ресейдің, тіпті, Германия мен Ұлыбританияның іргелі музейлерінде тұр.


Самал Жунусова